Бүгін Қостанай облысы аумағындағы орман шаруашылығы мекемелеріне өрт сөндіруге арналған техникалардың кілтін табыстау рәсімі өтті.
Ұзын саны 11 орман шаруашылығы мекемесінің техникалық базасы 79 су жаңа арнаулы көлікпен толығып отыр. Олардың 36-сы – «Сарыарқа Автопром» зауытының JACT6 базасында өндірілген шағын жиынтықты жеңіл көлік. Ал LOVOL маркалы 8 трактор «Агромаш» ЖШС-не, 9 МТЗ тракторы «МТЗ-Қазақстан» ЖШС-не тиесілі. Сондай-ақ «Лада – Нива» маркалы 26 жеңіл патрульдік автокөлік иелерін тауып отыр. Жаңа техника орманшыларға сенімді көмекші болып, еңбектерін жеңілдетіп, жұмыс тиімділігін арттыра түспек.



Рәсімге облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, жаңа арнаулы көлік табыс етілгелі отырған мекеме өкілдерін құттықтап, техникалық қамтылым жалғасын табатынын айтты. 

«Орман – ұлттық байлық, аса маңызды табиғи ресурс және өңірдің экологиялық қауіпсіздігінің негізі. Оны сақтау мамандардың кәсібилігін ғана емес, сонымен қатар заманауи сенімді техниканы да талап етеді. Соңғы үш жылда орман шаруашылығы мекемелерін жарақтандыруға шамамен 8 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен 26 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 39 шағын орман өрт сөндіру кешені және 78 автокөлік сатып алынды. Биыл қосымша 25 өрт сөндіру автокөлігі мен 9 трактор жеткізу жоспарланып отыр. Орман күзетінің кадрлық құрамы күшейтіліп, қызметкерлердің жалақысы 100 пайыз өсті. Бүгін тапсырылып отырған техника – орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Техника жаңартумен қатар, кадр даярлау, цифрландыру және өрттің алдын алу бағыттарына да ерекше көңіл бөлінеді», – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі арнаулы көліктердің кілтін Арақарағай, Басаман, Боровской, Қамысты, Михайловский, Пригородный, Семиозерный, Тарановский, Ұзынкөл, Усаковский және Урицкий орман шаруашылығы мекемелеріне табыстады. 







Жаңа техника өрт ошақтарына жедел әрекет етуге, орман өрттерінің таралу қаупін азайтуға, қызметкерлер мен елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ экологиялық және экономикалық залалды төмендетуге зор ықпалын тигізері сөзсіз. 



«Шыны керек, көп жыл бойы материалдық-техникалық жағдай нашарлау болды. 2-3 жылдың көлемінде базамыз жаңарып жатыр. Бүгінде мекемемізде 12 трактор бар. Жаңа 2-ші, 3-ші класты техникалар беріліп жатыр. Енді 2 шағын өрт сөндіру кешенін, екі патрульдік «Нива» иелендік. Осы қолдауы үшін облыс әкімдігіне көп рахмет айтамыз. Ал енді соңғы жылдары орман өрттерінің елеулі түрде азайғаны айқын көрініп отыр. Себебі біздің аумақта 40 орман пайдаланушы болды да, олар да күзет ұйымдастырды. .Жұмыскерлер қабылдап, соның арқасынды бізге, орман шаруашылықтарына жұмыс істеу жеңілдеу болды. Орманшыларға олар өте көп көмегін тигізеді. Мәселен, 2025 жылы 0,01 ғана алаң өрті тіркелді. Бұл дегеніміз аса аз көрсеткіш. Бір есеппен, орман өрті болған жоқ деп айтуға да болады», – дейді «Пригородный орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Ерлан Әбенов.





Ал Семиозерный орман шаруашылығы мекемесі жетекшісінің міндетін атқарушы Қалымжан Қазбеков өрт шарпыған алқаптарды қалпына келтіру жоспарын іске асыруға, алқап қауіпсіздігін қамсыздандыруға жаңа техниканың жәрдемі мол болатынын айтады.
«Еншімізге бұйырған арнаулы көліктер біздің мүмкіндіктерімізді әлдеқайда кеңіте түседі. Ол оқыс жағдайлар туындағанда жедел әрекет етуге және құрығымыз жетпейтін жерлерде жұмыс істеуімізге зор жәрдемін тигізері анық. Жалпы, техника паркінің жаңаруы орман қорының қауіпсіздігіне сеніммен қарауымызға жол ашады. Сондай-ақ су жаңа арнаулы көліктер 2 млрд түп ағаш отырғызуға бағытталған кешенді жоспарды сапалы орындауға да себесін болатыны даусыз», – дейді ол.

Өңірдегі орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық қамтылымы 90 % деңгейінде. Ол олқы көрсеткіш емес. Бұған Үкіметтің және облыс әкімдігінің қолдау-демеуінің арқасында қол жетіп отыр. 



Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
