Облыс көлемінде 20 ветеринарлық станция мен 206 пункт бар. Осы орындарда кадр қажеттілігі сезіледі. Жұмысқа келген жас мамандарға қашанда қолдау бар.
Мәселен ветеринарлық пунктер еңбек демалысы кезеңінде жұмысшыларға 2 лауазымдық айлық көлемінде жәрдемақы төлейді. Тағы бір айта кетерлігі, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының арқасында жас мамандар жеке тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз бір реттік жәрдемақы ала алады, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ақат Шектібаев.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Табысқа жету жолы – 2023!» атты ветеринарлардың ауқымды аймақтық форумы өтті. Форумға облыстық, аудандық ветеринарлық станция бөлімдерінің, пункттердің, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, ауыл шаруашылықтарының басшылары және басқа да жеке ұйым өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының мал шаруашылығы қожалықтарының өкілдері және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілі қатысты.
Мансап форумының мақсаты – «Ветеринария» және «Ветеринариялық санитария» білім беру бағдарламаларының түлектерін жұмысқа орналастыру, ветеринарлық қызметтегі мансаптық мүмкіндіктер мен бос орындар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету, университет, жұмыс беруші және студенттер арасындағы серіктестік, іскерлік қатынастарды дамыту.
Соңғы 3 жылда университетте «Ветеринария» мамандығы бойынша 200-ден астам маман даярланған. Мамандық бойынша жұмысқа орналасу пайызы жоғары – 91 % құрайды. Биылғы оқу жылында 53 студент диплом алып, маман атанады. Түлектерді жұмысқа орналастыру – университет алға қойған негізгі және басым міндеттердің бірі, – деді зерттеулер, инновация және цифрландыру жөніндегі проректор Жеңіс Жарлығасов.
Студенттер алдында сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы бойынша «Мәмбетов и К» шаруа қожалығының өкілі А.Дәулетов және «ОлжаАгро» ЖШС-нің, «Fish Estate» Қаратомар балық өсіру зауытының, «Айболит», «Догма», «Вет Альянс», «VetZabota» ветеринарлық клиникаларының, «ВетЗащитаАзия» ЖШС-нің басшылары өз кәсіпорындарының қызметімен, мансаптық мүмкіндіктерімен таныстырды. Сондай-ақ, ҚӨУ студенттерінің жоғары кәсіби дайындығын атап өтті.
Форум барысында әлеуетті жұмыс берушілермен нәтижелі диалог өтті, бұл университеттің өндірістік байланыстарын нығайтып, түлектерге кәсіби қызмет саласына сенімдірек енуге мүмкіндік берді.
Университет басшылары барлық форум қатысушыларына алғыстарын білдіріп, жемісті ынтымақтастығымыз үшін жұмыс берушілерге алғыс хаттар табыстады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.