Биыл сәуірге дейін 4 575 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері елімізге 1,1 млн қазақ оралған. Осындай ауқымды миграция көрсеткіші соңғы онжылдықта өте төмендеп кетті. «Көші-қонның саябырлауы шеттегі қазақтардың саны азайып кетті» дегенді білдірмесе керек.
«Қостанай облысы бойынша 2015 жылы 258 қандас елімізге оралған. Пандемия басталғанға дейін 2019 жылы 216 отбасы көшіп келген. Басым бөлігі Өзбекстаннан 2020 жылы көші-қон мәселесі айтарлықтай төмендеп кетіпті. Оған бір үлкен себеп – үш жылға созылған коронавирус пандемиясы. Індет кезінде шекаралар жабылып, миграцияға тосқауыл қойылды. Өткен жылы 178 отбасы қоныс аударған. Дені көршілес Өзбекстан, Ресей елінен ағылған. Өзбекстаннан 132 жанұя, Ресейден 68 отбасы көшіп келді», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Дәмила Ақпанбетова.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті Этникалық көші-қон басқармасының басшысы Дастан Айтқұловтың пікірінше, қандастардың келу қарқынына, біріншіден, көршілес мемлекеттердің ішкі саясаты әсер еткен. Оған этникалық қазақтардың жергілікті халыққа сіңісіп, ассимилациялануы да ықпалын тигізіп отыр.
Елімізде біздің облысқа қарағанда басқа өңірлерде жағдай өзгеше. Басқа өңірлер көш басында.
«2020 жылы пандемия кезінде 13 мың адам қандас мәртебесін алды. Олар шекарадан сол жылы асып келген жоқ. Бұрыннан елде жүрген шетелдіктер арасында қандас мәртебесіне құжат тапсырғандар еді. Түрлі елдердің кейбірі визасы таусылғанша немесе 3 айдан аспайтын мерзімде жүре алатын миграция талаптары бар. Соңғы жылы көші-қон қарқыны өсіп келе жатыр. 2021 жылы 17 мың, 2022 жылы 19 мың адам қандас мәртебесін алды», – дейді Дастан Айтқұлов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, биыл қандастарға 1 920 квота бекітілген. Солтүстік өңірлерге көшіп келген қандастарға бағдарламаға қатысу аясында қолма-қол ақшалай көмек көрсетіледі. Бастапқыда әр отбасы мүшесіне 70 АЕК шамамен 241 мың теңге көлемінде бір реттік төлем беріледі. Содан кейін бір жыл бойы тұрғылықты мекенжайдың орташа есептелген коммуналдық қызмет төлемі ретінде баспананы жалға алуға өтемақы беріледі. Ауылды мекенге тұрақтаса, 15 АЕК шамасында, ал қалаға орналасса, 30 АЕК көлемінде беріледі.
Биыл наурыз айынан бастап жаңа тетік енгізілді. Бірінші рет үй салуына немесе сатып алуына 4 млн теңгеден аспайтын көмек қарастырылған. Бұл сома баспанақұнының 50 пайызын құрайды. Мысалы «Отбасы банкіне» 50 пайыз бастапқы жарна ретінде салып, үй сатып алуына болады. Жер телімі болып, үй саламын дейтін болса қажетті қаражаттың 50 пайызы немесе 4 млн теңге ұсынылады.
Айта кетерлігі, квота сыртында елімізге қандастардың көшіп келуіне кедергі жоқ. Айталық, биыл қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер анықталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген бұйрық жобасына сәйкес, биыл қандастар еліміздің 8 облысына қоныстандырылады: оның арасында біздің Қостанай облысы да бар.
Айта кету керек, Қостанай облысы басқа өңірлерге қарағанда соңғы орында. Көші-қон мәселесі айтарлықтай саябырсып тұр.