Республикада алғашқы болып біздің облыс “Жарқын ауыл” жобасын бастады. Бұған “АМАNАТ” партиясының облыстық филиалы мұрындық болып отыр.
Игілікті іс мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” жалпы республикалық акциясы шеңберінде жүзеге асырылады. Қанатқақты жобаға облыс әкімі Құмар Ақсақалов та мейлінше қолдау білдірді. Соның арқасында ауылдарда 5 жаңа мектеп салынып, 51 білімі ошағы күрделі жөндеуден өтеді. 19 дәрігерлік амбулатория мен ФАП, 8 мәдениет және спорт нысаны бой көтереді. 19 елді мекенге су құбыры тартылады. Бұл сөз жоқ елді мекендердің еңсесін тіктеп, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлкен сеп болары анық.
-Тек, биылдың өзінде ауылішілік жолдарды жөндеуге бюджеттен 50 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Оған бір мың шақырым жол мен 280 ауыл көшесін ретке келтіру жоспарланған. Алғаш рет елді мекендерге жаяу жүргіншілер жолын төсеуге 1 млрд теңге бөлінді. Осылайша, 35 шақырым жаяу жүргіншілер жолы ел игілігіне айналады. Елді мекендерді абаттандыруға ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де ниет танытты. Яғни, меценаттар қаражатына балалар және спорт алаңдары орнатылады, саябақтар мен гүлзарлар салынады. Стадиондар қалпына келтіріледі. Ауыл тұрғындары үшін демалыс орталықтары ашылады. Жаңа тұрғын үйлер бой көтереді. Мұның бәріне шамамен 10 миллиард теңге жеке инвестиция тартылады, – дейді “АМАNАТ” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Алмат Досмұхамедов.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, өңірде 492 ауыл бар. Оларда облыс халқының 38%-і тұрып жатыр. Рас, көптеген елді мекендегі жағдай сын көтермейді. 145 елді мекенде әлі күнге дейін сапалы ауыз су жоқ. 161 ауылда интернет әлсіз. Мектептер ескі, дәрігерлік пунктер жоққа тән. Жарық пен жолдың мәселесі бөлек әңгіме. Әрине, мұның бәрі бір жылдың бедерінде бітпесі анық. Сондықтан, “Жарық ауыл” жобасы үш жылға шақталып отыр.
Жаңа жоба Қостанай ауданына қарасты Айсары ауылдық округінен бастау алды. Бүгінде мұнда 2708 адам түтін түтетіп отыр. Айсары ауылының өзінде 321 үй түтін түтетеді. Половников ауылында 161, Қостомарда 150 үй бар. Округ халқының саны жылдан жылға өсіп келеді. Демек, мұнда замануи қызмет көрсету кешендері бой көтеруі заңдылық.
-Біздің ең басты міндетіміз-ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту. Қарапайым еңбек адамына лайықты жағдай жасалғанда ғана елі еңсе тіктейді. Ауыл- бәріміздің ортақ үйіміз… Биыл бюджеттен бөлінген 300 млн теңгеге ауылдық округте үш көшеге асфальт төселеді.Тағы төрт көшенің құндық-жобалық құжаттары дайын тұр. Толық сараптамадан өткізілді. Егер аудан әкімі мақұлдаса, онда округте жеті көше жөнделмек. Жаңа ФАП саламыз. Стадионды қолға алып жатырмыз. Оның үстіне 1 млрд теңгеге ауы су құбыры тартылып жатыр. Ол биыл 1 тамызға дейін аяқталмақ. Қалған нысандарды қазан айына дейін ел игілігіне береміз,-дейді Айсары ауылдық округінің әкімі Бауыржан Нұрғазин.
“Жарқын ауыл” жобасына қатысуға қуана келіскен жергілікті ЖШС, шаруа қожалықтарының жетекшілері партия өкілдері және ауылдық округ әкімімен үш жақты меморандумға қол қойды.
-Жаңа жобаны біз – тауар өндірушілер толық қолдаймыз. Ауыл бәрімізге ортақ. Ондағы тұрғындар бұдан да жақсы тұруы керек деп есептеймін. Біз өзіміздің кіші отанымыздың гүлденгенін қалаймыз. Партия өкілдері қолға алып жатқан жақсы іске біз де қолымыздан келгенше жәрдемдесеміз. Бәріміз жұмылсақ, талай істі еңсеретінімізге кәміл сенемін. Мен өзім осы ауылда туып-өстім. Сондықтан, туған жерімнің көркеюуіне өз үлесімді қоспақпын,-дейді “Жасай” ЖШС директоры Бейсенбай Борашев.
Айтпақшы, меморандум аясында Айсары орта мектебіне “Газель” автокөлігі сыйға тартылды. Оның кілтін Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов мектеп директоры Қабылан Рағатқа табыс етті.
-Бүгін біз “Аманат” париясымен бірігіп жаңа жобанының тұсауын кесіп отырмыз.Тың бастаманы облыс әкімі Құмар Ақсақалов бірден мақұлдады. Жоба өміршең. Осы арқылы қаншама ауыл жаңа келбетке ие болады. Халықтың тұрмыс жағдайы оңалады. Сондықтан, партия өкілдеріне, барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне алғыс айтамын,-деді аудан басшысы.
Алдағы үш жылда “Жарқын ауыл” жобасы шеңберінде аудан әкімдіктері мен меценаттар бірлесіп, елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартып, ауылдардың эстетикалық келбеті мен тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға күш жұмылдырмақ. Айсары ауылдық округінен бастау алған жоба облыстың барлық ауданында жалғасады.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді “АМАNАТ” партиясы олыстық филиаланың баспасөз қызметі ұсынды