Жанкелдин ауданының оқушысы Жайна Алпысқызы Моңғолияда өткен халықаралық Тоғызқұмалақ турнирінің жеңімпазы атанған еді.
Ауданға іссапармен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жайнамен арнайы кездесіп, жарқын жеңісімен құттықтап, 1 миллион теңге табыстады.
«Бүгін ата-анаңа алғысымды айтуға арнайы келіп отырмын. Бәрімізді шынымен қуанттың! Құтты болсын! Еңбекте де, басқа салада да зор жетістікке жетуге болады. Бұл жеңістің орны бөлек. Еліміздің абыройын көтеріп, өзге елдерге облысымыздың, Торғай жерінің атын таныттың. Әрдайым биіктерден көріне бер!», – деді облыс басшысы.
Естеріңізге сала кетсек, Жайна Алпысқызы Тоғызқұмалақтан Жанкелдин ауданы құрамасының бапкері Қайрат Айтмағамбетовтің қол астында бес жылдан бері жаттығып келе жатыр. Ол бұл жолғы сайыста алты қарсыласын жеңіп, чемпион атанды. Сондай-ақ жарыстың рапид түрінен екінші орын алды.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ