Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында бірнеше нысанды аралап, жаңа жобалармен танысып, аудан халқымен кездесу өткізді.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласының мал шаруашылығы бағытында қолға алынған бірнеше жоба бар. Солардың ең елеулісі – «Олжа Алтын Инвест» ЖШС салып жатқан жаңа сүт-тауар фермасы. 1200 басқа арналған нысанның құрылысы бір ай бұрын ғана басталды. Екі кезеңге бөліп іске асыру көзделіп отырған жобаның жалпы құны 5 млрд теңгеге жуықтайды.
«Жобаның алғашқы кезеңін осы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарда бар. Ал екінші нысан алдағы жылдың мамыр айында іске қосылмақ. Содан осң 2025 жылы 1200 ІҚМ әкелінеді. Жобаға бағытталып отырған соманы үнемдеп, 4,5 млрд теңге жұмсауды көздейміз. Мемлекет ұсынған несиені неғұрлым азырақ алу ойымызда бар. Негізі, болашақ кәсіпорынның әлеуеті 2 мың бас ІҚМ ұстауға да жетеді», – дейді «Олжа Алтын Инвест» ЖШС бас директоры Әлішер Қожаназаров.
Өңір басшысы жобаға қолдау ретінде, берілген несиенің жартысы төленгенін айтып, нысанды жедел тұрғызуды міндеттеді. Жобаға жауапты мамандардың айтуынша, қолға тиген қаражат мақсатты түрде жұмсалып, мердігер компанияларға аванс төленген, қажетті құрылыс материалдары қазірдің өзінде жан-жақтан әкеліне бастапты.
«Мәселен, осы аудандағы «Тұрар» ЖШС мың бас сиыр сауып, күніне 30 тонна сүт алады. Литрін қалаға 240 теңгеден сатады. Әр күн сайын 6 млн теңге таза табыс тауып отыр, – дейді облыс әкімі. – Мал шаруашылығымен айналыспайтындар қомақты сомада несие алуға мәжбүр болып, күзде жиналған өнімді сатады. Бұл шаруаға тиімді емес. Басқа өндіріс көздерін, айталық, ет немесе сүт бағытын қарастыру керек. Яғни экономика әртараптандырылуы керек. Біз осыны нысанаға алып отырмыз. Жалпы, әр жыл сайын осындай ферма салуымыз қажет. Әсіресе, Федоров ауданына басымдық берілгені жөн».
Бұдан соң облыс әкімі аудан орталығында үй кезегінде тұрған адамдарға арналып салынған екі қабатты, 24 пәтерлі баспана құрылысымен танысты. Мердігерлікті міндетіне алған компания – «Ақжан және біз» ЖШС. Жоба құны – 407,9 млн теңге. Былтыр маусым айында басталған құрылыс биыл қазанда толық аяқталады. Бұл – «Отбасы банк» АҚ арқылы аудан орталығында тұрғындар игілігіне берілетін алғашқы үйлердің бірі.
«Жергілікті тұрғындар үшін жылдық 2-5 пайыз мөлшерлеме аралығында белгіленген. Екі пайызбен есептесек, айлық төлем сомасы 1 бөлмелі пәтерге – 36, екі бөлмеліге – 40, үш бөлмелі пәтерге 56 мың теңге болады. Ауданда мыңнан астам салымшы бар. Оларға тұрғылықты жерде баспаналы болу жөнінде жыл басынан бері хабарлама беріп келеміз», – дейді «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры Әсел Асқарова.
Аудан әкімі Тәуба Исабаев та осы үйге қоныстануға 48 адам ниет білдіргенін айтып отыр. Егер бұл баспана жоспардағыша пайдалануға беріліп, толықтай иелерін тауып жатса, келер жылы нақ осындай тағы бір үй салынуы мүмкін.
Федоров ауданындағы тағы бір игі жаңалық – Кравцов және Александрополь ауылдарына орталықтандырылған ауыз су берілді. Аудан орталығында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізуге келген облыс әкімі су құбырын іске қосу рәсіміне онлайн режимінде залға жиылған халықпен бірге куә болды. Кравцов ауылында 86 үйге су құбырын жүргізуге 120 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Ал Александрополь елді мекенінде 73 абонент «тіршілік нәріне» қол жеткізіп отыр. Мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстарына 101,2 млн теңге шығындалған. Қос ауылдың тұрғындары zoom қосымшасы арқылы ел, облыс, аудан басшылығына рахмет айтып, разылықтарын жеткізді.
Рәсім соңы ауданның және жалпы өңірдің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жариялап, тұрғындармен диалог орнатуға арналған негізгі жиынға ұласты. Әуелі Федоров ауданының әкімі Тәуба Исабаев және жергілікті кәсіпкерлер, құқық қорғау органының өкілі жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ өңір басшысы облыс әр саладағы жетістіктері мен жоспарлары туралы мәлімет берді. Кейбір күрмеулі мәселелерге байланысты бірқатар тапсырма берді.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ж.Жүсіпбек
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ