Айтулы өнер додасына облыстан ел мерейін асырып, республикалық түрлі жарыстарда ат оздырып жүрген жеті өнерпаз қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Атап айтқанда, Арқалық қаласынан – ҚР Мәдениет қайраткері Бөлтірік Молдашев, Әлібек Қапиятов, Нұрдәулет Тойшин, Олжас Қапан, Федоров ауданынан Арғынбек Бейбітхан, Меңдіқара ауданынан Байдос Қожасағиев, Алтынсарин ауданынан Әбдірахман Алпыс сынды күміс көмей, жыр сүлейлері қатысты.
Фестивальдің салтанатты ашылуында қатысушыларға қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
Өнер бәйгесінің барысында еліміздегі қазіргі көнекөз жыршы-термеші жампоздардың бірі болып табылатын Бөлтірік ағамыз Н. Ахметбековтің «Ахметханды жоқтау», Майлықожаның «Жақсы бір адам қартайса», Әлібек Е. Нұрманғалиевтің «Бес жылдыққа», «Аңшының мұңы», Арғынбек Н. Наушабаевтың «Ұлағат», Оспанқұлдың Кененге көңіл айтуы, Байдос Ғ. Қайырбековтің «Қызбел суреттері», Е. Кішкенеевтың «Жігіттерге өсиет», Әбдірахман Н. Ахметбековтің «Торғайдан сәлем», Ә. Кердерінің «Қазағым», Нұрдәулет Н. Ахметбековтің «Соңғы сөз», М. Шахановтың «Жароков көшесіндегі кездесу», Олжас Нұрханның «Торғайдан сәлем», К. Әзірбаевтың «Баста өлең» туынды – толғауларын нәшіне келтіріп, шеберлікпен орындап берді.
Қорытындысында алғаш рет өтіп отырғандықтан қатысушылардың барлығына бірдей сый-құрмет көрсетілді. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров пен қалалық мәслихаттың төрағасы Гүлбану Елтебаев өңірден шыққан таланттар атындағы жүлде марапаттарды табыс етті.
Тыңдармандарды жыршы-термешілер фестивалін жүргізген жас ғалым, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Батырлан Сағынтаевтың шеберлігі де ерекше тәнті етті.
«Жыршы – термешілер фестивалі тұңғыш рет өтіп отырғанына қарамастан, өте сапалы, жоғары деңгейде көрініс тапты. Халық, көрермен қауым, жалпы жұртшылық көнеден күмбірлеп жеткен жыраулық сарындар мен елге мәшһүр, тарихи тұлғалы ақындарымыздың шығармаларын жылы қабылдап жатыр. Біз бұл фестивалді алдағы жылы облыстық деңгейде өткізуді жұмыс жоспарымызға енгізіп отырмыз», – дейді іс-шараны ұйымдастырушылар атынан қалалық Мәдениет сарайының басшысы Зәмзәгүл Қажымұқанқызы.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы