Өнер табыстырған өнегелі отбасы

Өнер табыстырған өнегелі отбасы

Отбасы құнылығын дәріптеп, мерейін асыру үшін елімізде он жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өтіп келеді. Оған жанұяның бақытын берік ұстаған түрлі отбасылар қатсуда. 15 мамыр – халықаралық отбасы күні аталмыш байқау басталды. Осы байқауға Меңдіқара ауданынан Тобыл мен Нұржамал Болатовтар отбасы да қатысқан еді.

Өнерлі жұп Алматы қаласындағы Абай атындағы опера-баллет театрында танысып, 1980 жылы шаңырақ құрған. Бүгінгі таңда 4 ұл, 3 қыз баланы дүниеге әкелген, 16 немере сүйген аяулы жандар.

Болатовтар отбасы Михайлов ауылдық округінде тұрады. Шаңырақ иесі Тобыл Болатов Михайлов ауылдық мәдениет үйінің басшысы. Бір өзі бір театр десе де болады. Михайлов ауылдық мәдениет үйінің ғимараты 1985 жылы салынған. Клубта бар болғаны бір адам жұмыс істейді. Ол осы Тобыл ағамыз. Ол кісі осы аталған қызметте 2003 жылдан бастап жұмыс атқарады.

–Мәдениет үйі толығымен жөндеуден өтіп, жақсы болды. Бірақ бір өкініштісі кадрлар жоқ. Жас мамандар ауылға келгісі келмейді. Мен өзім зейнеткер болсам да осы істі қолдан тастаған емеспін. Қосымша штат ашылса тіптен жақсы болар еді. Ауылдың көркемөнерпаздарының басын қосып, түрлі топ құрдық. Білгенімді үйретер жастар келсе деймін, – дейді Тобыл Болатов.

Мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өткеніне екі жыл. Оған 160,0 млн теңге қаржы жұмсалған. Жөндеуден кейін сахнаға лэд экран, сахналық шымылдық сатып алынды. Тобыл Бәтіұлының айтуынша әлі де қажет заттар баршылық, атап айтсақ, музыкалық аппартура, сахналық костюмдер жетіспейді. Әдіскерлік штат берілсе фортепиано, би үйірмесін ашар едік дейді. Алдағы уақытта  «Апалар» тобын құруды да жоспарлауда.

Жұбайлар бір ауылдың ғана емес, тұтас ауданның мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген жандар. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде өз өнерін елге паш етіп жүрген аудан мақтаныштары. Ұлды ұяға, қызды қияға ұшырып, немерелерінің қызығын көріп отырған жандар. Балаларының барлығы дерлік әр салада қызмет атқарып жүр. Болатовтар отбасылық ансамблі  2010 жылы құрылған. Облыс, аудан көлемінде өтетін мерекелік іс-шараларға белсене атсалысып тұрады. Атап айтсақ, республика күні, Наурыз мейрамы, облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы байқау-фестивалінің тұрақты қатысушылары.

–Біздің отбасының басты ұстанымы бір-бірімізге сыйластықпен әрі кешіріммен қарай білу. Балаларға дұрыс тәлім-тәрбие беру. Түсініспеушілік болып жатса бір-біріміздің жанымыздан табыламыз. Міне, 44 жыл бірге бірігіп өмір сүріп келеміз. Отбасы басты байлық. Осыны бүгінгі жастар түсінсе екен деймін. Қазір жастар тез ажырасып, ақылға салмай жатады. Екі адам бас біріктіріп, үй болған соң, арада бала болса соның қадірін білу керек. Аналар да ақылын айтып отырсын. Әйел адамға көп жүние байланысты, – дейді Нұржамал Болатова.

Болатовтар отбасылық ансамблімен Меңдіқара ауданының ауылдық округтерін концерттік бағдарламамен аралап, өз өнерлерін көрерменге паш етіп жүр десек те болады. Олар Челябі облысының Бреды қаласына да өнер көрсеткен. 2020 жылы Тобыл Бәтіұлы Мәдениет және өнер саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін, Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының грамотасымен марапатталды. Құрметті зейнет жасына жетсе де осы салада әлі де болса еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп, ауылдың мәдениет дамытуға әрқашан дайын.

Отбасының тұңғыш ұлы Алмас, Алматы қаласында банк қызметкері. Үлкен қызы Индира қазіргі таңда декреттік демалыста, 5 баланы тәрбиелеп отырған аяулы ана. Екінші қызы Роза медицина қызметкері болса, Ардақ пен Ақмарал өз салаларының үздігі. Отбасының кенже балалары Азат пен  Адай ата-ананың жолын жалғаған өнер адамдары. Азат Тобылұлы аудан орталығындағы «Юбилейный» мәдениет үйінің өнерпазы, аудан намысын халықаралық, республикалық деңгейдегі сайыстарда қорғап жүрсе, кенжеұлдары Адай, Алматы қаласында вокалдан сабақ беріп, өз бағын кино, өнер саласында сыңап жүрген азамат. Азат пен Адай республикалық-телебағдарламалық  Х-фактор жобасының қатысушылары.

Енді байқаудың облыстық кезеңінің лауреаттарын марапаттау рәсімі салтанатты түрде тамыз айында өтеді. Облыс әкімінің грамоталары мен сыйлықтары табысталатын болады.

  Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу