Өндіріс пен туризм өрістеген өңір

Өндіріс пен туризм өрістеген өңір

Алтынсарин ауданында соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылым салаларында ірі жобалар жүзеге асырылып, ондаған жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы құны 7 млрд теңгеден асатын екі сүт-тауар фермасы пайдалануға беріліп, тағы екі нысанның құрылысы жалғасуда. Бұл туралы аудан әкімі Арнұр Сартов өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

 

Екі сүт-тауар фермасы іске қосылды

Мәселен, Бозбек ауылында «Тапаев Т.Б.» шаруа қожалығы 510 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасының құрылысын жүзеге асырды. Жоба аясында 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жобаның өндірістік қуаты жылына 3,2 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Жалпы құны – 3 млрд 520,9 млн теңге.

«Қазіргі уақытта кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Сауын сиырлар саны – 320 басқа жетіп отыр. Тәуліктік сүт өнімі шамамен 3,2 тоннаны құрайды», – деді әкім.

Әкімнің айтуынша, өндірілген сүт өнімі тұрақты түрде «ДЕП» ЖШС-не өткізіледі екен. Ал оның бір бөлігі бұзауларды азықтандыруға пайдаланылады. Мал басын көбейту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде 200 бастан астам қара мал қолдан ұрықтандырылған.

Биыл Большой Чураков ауылында да «Ахметов Т.Б.» шаруа қожалығының бастамасымен 400 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасы қолданысқа берілді. Жоба аясында 17 жаңа жұмыс орны құрылды. Өндірістік қуаты жылына 2,5 мың тонна сүт өндіруге есептелген. Жобаның жалпы құны – 3 млрд 618,9 млн теңге.

blank

«Қазіргі таңда ферма қалыпты режимде жұмыс істейді. Бұзаулар саны – 70 бас. Сауу табыны 70 сиырдан тұрады. Тәуліктік сүт өнімі шамамен 840 литрді немесе айына 25,2 тоннаны құрайды. Өндірілген өнім тұрақты түрде «ДЕП» ЖШС-не өткізіледі, ал оның шамамен 12,6 тоннасы ай сайын бұзауларды азықтандыруға жұмсалады», – деді әкім.

Қазіргі уақытта ауданда тағы екі сүт-тауар фермасының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты.

blank

«Обаған ауылында «Дукас-2020» ЖШС400 басқа арналған сүт-тауар фермасын ашуды аяқтап қалды. Жобаның өндірістік қуаты жылына 3,2 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді және 25 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы құны – 3,3 млрд теңге. Бұл нысан жыл соңында толық пайдалануға беріледі», – деді Арнұр Сартов.

Екінші құрылыс нысаны Новоалексеев ауылындағы «Қуанышбаев Қ.М.» шаруа қожалығының бақылауында іске асырылып жатыр. Ол сүт-тауар фермасының өндірістік қуаты жылына 2,8 мың тонна сүт өндіруге есептелген. 26 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы құны – 3 млрд 111 млн теңге. Жоба2 026 жылдың қазан айында тапсырылмақ.

 

Жаңа жобалар – жаңа бастама

«Қазіргі таңда Щербаков ауылындағы «МирМарАгро» шаруа қожалығы көкөніс сақтау қоймасының құрылысын салуға ниеттеніп отыр. Таяуда жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Құрылыс қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін басталады», – деді аудан әкімі.

Танабай ауылындағы «Кукаева К.Б.» шаруа қожалығы сүт-тауар фермасының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлепті. Жобаның құны – 3 млрд 500 млн теңге. Өндірістік қуаты жылына 3,2 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді және 28 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Биыл ауданда 7 модульдік ветеринариялық пункт пен 5 мал қорымының құрылысы жүргізілуде. Туризм саласында ауданымыздың орман алқаптарының мол болуы зор мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік субъектілері тарапынан бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр», – деді әкім.

Осылайша, аудан көлемінде демалыс-сауықтыру орындарын көбейту жұмыстары қарқынды қолға алынып отыр. «GreenHouse» демалыс аймағының құрылысы пайда болған күнде 15 жұмыс орны ашылады. Жыл сайын 800 турист қабылдауға мүмкіндік береді. Мұнда 5 қонақ үй типіндегі үй және 40 төсек-орын қарастырылған.

«MUNCHEN» демалыс базасын кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Туристікағынжылына 1500 адамғадейінартады. Қазіргі уақытта үшінші корпус, бассейн, хамам моншасы, тренажер залы жәнебасқа да нысандар салынуда. «Селена 2010» демалыс базасын реконструкциялау жобасы басталды. Жылдық туристік ағын – 2 мың адам. Мұнда 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба аясында жеті корпус қайта жаңғыртылады. Қазіргі уақытта ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл әкімшілік ғимараттың шатыры жаңартылып, жобаның бірінші кезеңі жыл соңына дейін аяқталмақ.

«Деревенька в бору» демалыс базасында «Пряничные домики» және «Шишки» жаңа демалыс аймақтары іске қосылды. Барлығы 8 жаңа демалыс үйі орнатылып, жаңа жиһаздар мен жабдықтар сатып алынған, балалар батуты мен фотозона элементтері қойылды.

«Сосновый бор» және «Жайлау» шипажайларында коммуналдық және тұрғын инфрақұрылым нысандары жаңғыртылып,  корпустар жөнделді, спорт залдары жаңартылып, жаңа тренажерлар сатып алынды.

Аталған жобалардың іске асырылуы тұрғындар мен қонақтарға қолайлы демалыс жағдайын жасап, ауданның туристік әлеуетін арттыруға, халықты жұмыспен қамтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын нығайтуға мүмкіндік береді.

 

Инженерлік инфрақұрылым саласындағы оң өзгерістер

Бұған дейін Свердлов, Зуев және Танабай ауылдарын сумен қамтамасыз ету жүйесінің үш жылдық құрылысы мен Ілияс Омаров атындағы ауылдың су тарату желілерін қайта жаңғырту жобалары аяқталып, пайдалануға берілгенін жазған едік.Бүгінде аудан халқының ауыз суға қолжетімділігі 100 пайызды құрайды.

«Қазір жақсы бір жаңалықпен бөліскем келіп отыр. Первомай ауылындағы ұзындығы 26,13 шақырым болатын су құбыры желілерін қайта жаңғырту жобасы бойынша оң сараптама қорытындысы алынды. Жобаны іске асыру келер жылға жоспарланды», – деді спикер.

Большой Чураков ауылында газдандыру жобасы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде ауданның 25 елді мекенінің алтауы табиғи газбен қамтылды. Осы ауылда 100 орындық мәдениет үйі салынды. Мұнда гитара үйірмесі, би үйірмесі, егде жастағы адамдарға арналған сауықтыру клубы және тренажер залы жұмыс істейді.

Соңғы үш жылда әлеуметтік осал топтарға, көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мемлекеттік қолдауды қажет ететін азаматтарға 62 пәтер сатып алынды. Биыл қосымша 64 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.

«Биыл ауданда білімошақтары жөндеуден өтіп жатыр. Докучаев және Димитров жалпы білім беретін мектептерінде терезе блоктары жөнделді. Свердлов, Приозерный, Лермонтов жәнеБольшой Чураков мектептерінде 4 жылыту қазандығы ауыстырылды. 15 мектепке интерактивті тақтамен жаңа оқу жабдықтары орнатылды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен мектеп жиһаздары жаңартылды. Барлық мектептерде бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері және полициямен біріктірілген қауіпсіздік кешендері орнатылды», – деді әкім.

blank

Жалпы соңғы үш жылда аудан әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықпен, инфрақұрылымның қарқынды дамуымен, кәсіпкерліктің өркендеуімен және жаңа жұмыс орындарының құрылуымен ерекшеленді. Алдағы кезеңдегі негізгі міндет – қол жеткізген нәтижелерді сақтап қана қоймай, оларды одан әрі арттыру көзделіп отыр.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Алтынсарин ауданы