Өндіріс ауқымы кеңейіп келеді

Өндіріс ауқымы кеңейіп келеді

Еліміздегі ең ірі автоөндіруші кәсіпорындардың бірі – «Allur» автомобиль зауыты құрылғалы он жылдан асты.  Бүгінде өндіріс ошағына  2500-нан астам адам жұмысқа орналаса алады. Өндірістік қуаты жылына 127 мыңнан астам автомобиль құрастырылады. Өндірілетін өнімдер – Jac, Chevrolet, Kia, LADA, Jetour брендтері.

Қостанайдағы зауыттан әлемдік бренд саналатын көліктердің жеті түрі шығарылады. Алғашқы ашылғанда тек дайын бөлшектер құрастырылатын. Бүгінде жұмыс дәнекерлеу мен сырлаудан басталады. Әли Кеңесовтің осы кәсіпорында жұмыс істегеніне 5 жылдай болған. Бастапқыда жинақтаушы  болып бастаған. Кейіннен қызмет аясы кеңейіп, күрделене түскенін айтады.  Негізгі мамандығы – техник-құрылысшы.

«Өзіме жұмысым ұнайды. Жоғары мамандыққа көтерілуге септігін тигізеді. Біздің цехта kia sportage, lada granta, jac s3 pro көліктерінің бөлшектері дәнекерленеді. Менің жұмысым кузовтағы ақауларды түзету», – дейді ол.

Алдағы уақытта kia cerato, chevrolet onix жоспары іске қосылатынын ескерсек, бұл өнімнің отандық үлесі артқанын көрсетеді. Соған сәйкес өндіріс ауқымы да еселеп өсуде. Биыл зауытта жүз мыңнан астам техника шығару жоспарланып отыр.

12 жыл ішінде зауытта 239 591 бірлік автомобиль шығарылды (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша). 2022 жылы зауытта рекордтық 70 мың автомобиль шығарылса, 2023 жылдың алғашқы бес айындағы көрсеткіш 35 мыңнан астам автомобильді құрап отыр. 2023 жылдың қаңтарында кәсіпорында kia sportage шағын торап әдісімен автомобильдер өндірісі іске қосылды. Жаңа желінің өндірістік қуаты жылына 25000 автомобильге жетеді. Жобаларды іске қосу шеңберінде өңір тұрғындары үшін 400-ге жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Eнді Chevrolet ауқымының кеңеюі күтілуде.

Сәуір айында Autoshanghai-2023 көрмесінде Allur компаниясы Hongqi брендін шығару туралы келісімге қол қойды. Қазақстан Қытайдан тыс жерде осы брендтің автомобильдерін шығаратын алғашқы ел болмақ.

Ауданы 89 000 шаршы метр аумақты алып жатқан кәсіпорын өнеркәсіптік құрастыру талаптарына сай жабдықталған. Онда шанақтарды дәнекерлеу, бояу және құрастыру жұмыстары жүргізіледі.

«Бізде ұжымдық  медициналық сақтандыру тетігі реттелген. Жатақханасы мен тамағы тегін беріледі. Жұмысқа қатынауға арнайы автобустар қарастырылған. Ақысыз білім беру гранттарын тағайындалып, мамандарды шетелдік тағылымдамалардан өткізіп отырады», – дейді кейіпкеріміз.

Өндірістің өсуіне және жаңа жобалардың іске қосылуына байланысты зауытта білікті кадрларды даярлау және жаңа қызметкерлерді тарту бөлігінде үлкен жұмыс жүргізілуде.

Болашақта белгілі бір бағыттағы кадрларды даярлау қажеттілігін ескере отырып, зауыт колледжде «Автомобиль жасау» және «Құю өндірісі» сияқты жаңа мамандықтарын ашуды жоспарлап отыр.  2022 жылы зауытта 800 адам тәжірибеден өтті. Алдағы жылы олардың санын одан әрі ұлғайту жоспарлануда.

 Әсел ҚИБАШ

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу