Жалпы өмірді сақтандыру туралы сан пікір бар. Олардың ішінде «оның не қажеті бар?» дейтіндер де кездеседі. Әрине, біздің қоғамда өмірді сақтандыру туралы және оның қажеттілігі тұрасында түсінік енді қалыптасып келе жатқаны белгілі. Бірақ бір нәрсе анық: өмірде болатын кездейсоқ оқиғалардан ешкім де сақтандырылмаған. Сондықтан өмірді сақтандыру өте маңызды.
Жалпы, көбіміз заңға сәйкес жүргізілетін көлікті, жылжымайтын мүлікті және медициналық сақтандыру сияқты міндетті сақтандыру түрлерін білеміз. Ал ерікті түрде өмірді сақтандыру туралы не білеміз? Оның шарттары мен басымдықтары жайлы не айта аламыз? Өмірді сақтандыру компаниясын таңдай білу де маңызды. Қостанайда онға тарта сақтандыру компаниясы бар. Солардың ішінде ең танымалы әрі қызмет көрсету аясы кең ұйымдардың бірі – «Халық-Life». Бүгінде аталған компанияға1 млн 300 мыңнан артық қазақстандық сенім артады екен. «Халық-Life» АҚ Қостанай облысындағы филиалының директоры Маймыш Байғабұлова өмірді сақтандыру жайында толығырақ мағлұмат беріп кетсе дейміз…
– Маймыш Салаватқызы, өмірді сақтандырудың артықшылықтары туралы пікіріңізді білгіміз келеді.
– Өмірді сақтандыру полисі өзіңізді және жақындарыңызды күтпеген жағдайларда мүмкін болатын қаржылық шығындардан қорғауға көмектеседі. Өмірді жинақтаушы сақтандыруды азамат сақтандыру қорғанысын және сақтандыру төлемдерінің кепілдіктерін алған кезде қаражатты жинақтау үшін пайдалана алады. Яғни, өнім сақтандыру мен жинақты білдіреді.
– Қостанайлықтар өз өмірін сақтандыру мүмкіндігін қаншалықты пайдаланып жүр? Өңірде қанша адам сіздерден шарт ашып, пайдалана алды?
– Қостанайда 41 мыңға жуық адам компаниямыздың клиенті болып отыр. Оның ішінде сақтандырылғандардың ең көп үлесі, яғни, 1,5 мың адам қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандырылған.
– Өмірді сақтандыру өнімдерінің түрлері,ерекшелігі, маңызы туралы айтып берсеңіз.
– «Халық-Life» АҚ жеке тұлғаларға өмірді қысқа мерзімді және жинақтаушы сақтандыру, аннуитеттік сақтандыру, сондай-ақ заңды тұлғалар үшін қызметкерді еңбек (қызметтік міндеттерін) атқару кезінде жазатайым оқиғалардан өмірді сақтандыру қызметтерін ұсынады. Компанияда «Амулет-Life», «Тұмар-Life», «Life-Қорғау» өмірді сақтандырудың қысқа мерзімді бағдарламалары, сондай-ақ «Халық-Қазына», «life-Инвест», «LIFE-Персона», «Бәйтерек», «Болашақ», «Bilim-Life», «LIFE-Рента+» зейнетақы аннуитеті (барлық ақпарат www.halyklife.kz сайтында) сияқты өмірді сақтандырудың ұзақ мерзімді жинақтаушы бағдарламалары бар. Бұл бағдарламалар сақтандыру мерзімімен, өтемімен ерекшеленеді. Әрі жинақтарыңызды АҚШ долларымен сақтауға мүмкіндік беретін «Халық-Қазына» бағдарламасы да бар. Бұл өнім сақтандыру мерзіміне байланысты АҚШ долларымен жылдық 3,52% дейінгі инвестициялық табысқа кепілдік береді.
Өмірді сақтандырудың барлық бағдарламалары негізгі маңызды әлеуметтік функцияны орындайды, яғни, сақтандырылған тұлға мен оның жақындарын материалдық тұрғыдан қорғайды. Мысалы, шарттың қолданылу мерзімінде клиент қандай да бір келеңсіз жағдайға тап болса, компания оның жақындарына сақтандыру өтемін төлейді.
Өмірді сақтандырудың міндетті түріне тоқталып өтейік. Бұл өнім «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңында көрсетілген. Яғни, қызметкерлер мен жұмысшылардың өмірі Заң жүзінде қорғалады.
Жалпы, өмірді сақтандырудың жинақтаушы түрлері тағы бір маңызды функцияны – капиталды кепілді қалыптастыруды жүзеге асырады. Өмірді сақтандырудың жинақтаушы сақтандыру шарттың мерзімі 5, 10 және 20 жыл болуы мүмкін. Сақтандыру жарнасын төлеу клиентті өзі таңдайды: ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет немесе біржолғы болуы мүмкін. Өнімдер бойынша ең төменгі ай сайынғы сақтандыру жарнасы – 5000 теңге. Бір сөзбен айтқанда, компания өнімдері күтпеген өмірлік жағдайлар туындаған жағдайда өзін және отбасын қаржы тұрғысынан қорғағысы келетіндерге арналған.
– Жақында нарыққа жаңа өнім шығардыңыздар, ол жайлы да кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Иә, осы жылдың басында біз мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (бұдан әрі – МБЖЖ) шеңберінде өмірді сақтандырудың жинақтаушы бағдарламасының аясында «Bilim-Life» атты жаңа өнімді шығардық. «Bilim-Life» бағдарламасы өте қарапайым, оны алудың да жолдары оңай. Баласының болашақ білімі туралы ойланатын клиент олардың жасын ескере отырып, жинақтаушы бағдарламаның мерзімін және сақтандыру сыйлықақыларының өзіне ыңғайлы мөлшерін таңдайды. Мұнда сақтандыру жарналарының мөлшері айына ең аз дегенде 3 АЕК-тен басталады және оның мөлшері шектелмейді. Мысалы, ата-аналар қазір 7 жастағы баласына «Bilim-Life» бағдарламасы бойынша 10 жылға шарт жасасуды ұйғарды делік. Оның 17 жасына қарай білім алуға жеткілікті соманы, яғни 10 млн теңгені алу үшін оларға ай сайын 42 мың теңгеден жарна салып отыруы қажет. Жинақтау мерзімі аяқталғаннан кейін бұл сома бала оқитын білім беру мекемесінің шотына түседі. Бұл өнім өте тиімді екені айдан анық, өйткені клиент барлық 10 жыл ішінде өзінің жинақталған қаражатына сақтандыру компаниясының түсімі (2,3 млн теңге) мен мемлекеттен сыйлықақы (2,6 млн теңге) есебінен қомақты қосымша соманы алатын болады. Алайда, бұл өнімнің ең басты басымдығы – сақтандырылған ата-ана үшін сақтандыру қорғанысының болуы. Шынында да, сақтандырудың бүкіл мерзімі үшін, ал бұл мерзім 20 жылға жетуі мүмкін, клиент кез келген себеппен мүгедек болудан немесе өмірден қайтыс болудан сақтандырылған. Сондықтан сақтандыру компаниясының клиенттері «Bilim-Life» бағдарламасына шарт жасасқан ата-аналар қандай да бір оқыс жағдайға кез келсе де, жоғары оқу орнына түскен кезде барлық соманы алуға кепілдік берілетініне сенімді бола алады.
– Жалпы, қазақстандықтардың «Халық-Life» компаниясына көзқарасы қалай?
– Қазақстанда өмірді сақтандыру соңғы жылдары, әсіресе, пандемиядан кейін танымал бола бастады. Болашағымызды ойлай отырып, әрқайсымыз өзімізді және отбасымызды кез келген күтпеген жағдайлардан барынша қорғауға тырысамыз. Толық кеңес алу үшін адамдар біздің компанияға жүгінеді, келісім жасасқан соң өз жақындарына ұсынады. Клиенттің әрбір кері байланысы біз үшін өте маңызды.
Ражан ЖҮСІП,
«Халық-Life» АҚ клиенті (Қостанай қ.):
– Қазір көпшілік өмірді сақтандырудың мән-маңызын түсіне бастады. Бұл әр адамның әрқилы қиын жағдайына немесе қуанышын тойлауға өте керек. Мен алғаш рет 2007 жылы шетелдік компаниядан сақтандыру шотын ашқан едім. Онда ақшамды 15 жылға салғанмын. Былай қараған адамға 10, 15 жыл тым ұзақ көрінуі мүмкін, бірақ мен осынша уақыттың жылдам өте шыққанын байқамай қалыппын.
Өмірімде бір-екі рет сақтандыру қызметін пайдалануға тура келді. Жарақат алып қалғандықтан, компания маған қомақты төлем аударып берді. Ал 15 жыл өткенде дивидендімді алдым.
2010 жылы қазақстандық «БТА-Life» бағдарламасын таңдадым. Одан да маған сақтандыру төлемі түскен еді. Қазір бұл компания «Халық-Life» деп аталады.
Жоғарыда айтқан жайттар – сақтандыру қызметі қандай жағдайда да қасыңыздан табылатынының дәлелі.
Қазір «Халық-Life» АҚ-дағы есепшотыма сақтандыру жарнасын үнемі аударып отырамын. Бұл менің денсаулығым, өмірім үшін маңызды. Осы компаниямен келісім-шарт жасасқалы менің басымнан екі жағдай өткен еді. Екеуінде де 10 күн ішінде төлемімді алғанмын. 2024 жылы менің сақтандыру шартым аяқталады. Компания барлық салған ақшамды үстемесімен қосып береді. Оны да бір қажетіме жаратамын деп отырмын.
Осы орайда баршаға өздеріңіз үшін, отбасы, туған туыстарыңыз үшін «қауіпсіздік жастығын» жасап алыңыздар, өмірді сақтандырып қойыңыздар дегім келеді. Өмір – нәзік дүние. Сақтандыру бағдарламасын таңдау арқылы өзіңіздің ғана емес, жаныңызға қымбат жандардың да өмірін сақтандырасыз, оларға деген махаббатыңызды, қамқорлығыңызды көрсетесіз. Компаниядан шот ашқан адамда еркіндік, сенімділік пайда болады.