«Өмірде көрген-түйгенің болашақ бизнесіңнің пазлы іспетті»

«Өмірде көрген-түйгенің болашақ бизнесіңнің пазлы іспетті»

Қостанайда басталған инвестфорумға миллионер Тимур Құдайбергенов те келді. Ол жергілікті кәсіпкерлерге бизнес жолындағы тәжірибесін бөлісіп, кездескен кедергілерді қалай жеңгенін айтып берді.

 Тимур Құдайбергенов бірнеше компанияның иесі. Солардың ішінде ең танымалы – «Яндекс Такси». Осы брендтің Қазақстанда негізін қалаушы. Сонымен қатар, ол «Таксистен миллионерге дейін» кітабының авторы. Өмірлік ұстанымы, бизнесті бастау жолындағы шешімді қадамдары да осы жинағында баяндалады. Кәсіпкер қостанайлық әріптестеріне арнайылап осы еңбегінің он данасын алал келген. Кітап тартымды сауал қойып, жүздесуді жандандырған азаматтарға бұйырды.

– Мен Қарағанды облысының тумасымын. Өте кедей отбасынан шықтым, – деп бастады ол әңгімесін. – Әкем ерте өмірден озды. Он екі жаста едім. Бір жас кіші інім екеуміз анамызға көмектесіп, ерте есейдік. Сол кезден бастап ақша жинауды үйрендім. Көп жерде айтып жүретін сөзім бар: күнде күректеп табатын адам емес, табысын жинай білетін адам байиды. Ресейдің Волгоград қаласында екі оқу орнында қатар үздік оқыдым. Екі жерде жұмыс істедім. Екі сағат қана ұйықтайтын едім. Тамағым да тоқ болды дей алмаймын. Сөйтіп жүріп өзіме ескі «ВАЗ 2107» көлігін сатып алып, таксимен айналыстым. Қаланы жөнді білмеймін, бірақ әйтеуір қорыққан жоқпын. Бесінші курста өзімнің заңды фирмамды құрдым.

Студент кезінде-ақ табыс табудың біраз қыр-сырын меңгеріп қалған ол Қазақстанға өзіне сенімді, кәсіпті білетін маман болып оралды. Астанада өзінің кәсібін дөңгелетіп, такси паркін құрды. Кәсіптің басқа түрлерін де игеріп, өзіне тыным берген жоқ. Осылайша Ресейдегі алпауыт такси қызметін көрсетушілерден ұсыныс түседі.

– Адамның өмірде көрген-түйгені бекер емес екен. Ол сенің болашақтағы бизнесіңді құрастыратын пазл іспетті. Заң тұрғысынан ізденіп, білгенім жан-жақты дамуыма көмектессе, бұрынырақта таксист болып істегенім, мені осы бизнеске әкелгендей, – дейді Тимур Құдайбергенов.

Қазір оның бизнесі бірнеше салаға бөлінді. Табысты бизнесмен болғысы келетіндер үшін арнайы жобалар бар. Мысалы, мемлекеттік сатып алу порталындағы тендерлерге қатысатын клиенттері бар. Соларды келісімшарт арқылы қаржыландырып, белгілі бір табысын алып отырады.

– Біз бүкіл бизнесте синергия әсерін өте байыпты қолданамыз. Мысалы, бізде бизнестің бір саласында клиенттердің үлкен базасы бар делік, біз оларға басқа саладағы қызметтерді белсенді түрде ұсынамыз, – деп сөзін жалғайды 38 жастағы кәсіпкер.

Қостанай облысындағы Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Гүлсара Жаманқұлова мұндай форумдар жаңа күш беріп, өзіңнің кәсібіңе сыни көзбен қарауды үйретеді деген пікірде.

– Командамызбен келіп отырмыз. Иә, біз де кәсіпкерміз. Тәжірибеміз бар. Бірақ осындай кездесулер бізге ой салу үшін, бизнесті дамытуда нені ескеру керек, соны бір саралап алуға өте қажет, – дейді ол.

Ал Қостанай ауданы Заречный ауылынан келген кәсіпкер Ербол Бірімжановты бизнес тәлімгердің бірнеше кәсіпті бірге жүргізу тәсілі қызықтырған.

– Шеберлік сабағы біз секілді ауылдағы азаматтарға үлкен мүмкіндік. Мұнда тек бизнесті жүргізу ғана емес, танымдық дүниелер де айтылды. Тимур бауырымыз өз саласының нағыз білгірі екені көрініп тұр. Бір ғана кәсіпті емес, бірнешеуін қатар алып жүруге болатынына көз жеткізіп қайттық, – дейді кәсіпкер.

Инвестфорум ертең де жалғасады. Іс-шара аясында қонақтар Қостанайдың экономикалық әлеуметімен танысып, жаңа бастамалар қолға алынады деп күтіліп отыр.

Жаңалықтармен бөлісу