Қазіргі таңда нәресте сүйе алмай жүрген ата-аналар саны көбейіп келеді. Бұған экологияның нашарлауы, жастардың денсаулығының әлсіздігі себеп болып отыр. Аталған мәселені шешу үшін 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылған еді. Бұл жоба көмекші репродуктивті технологиялар арқылы отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуді мақсат етеді. Жоба 2030 жылға дейін жалғасады. Осы жылы облысымыздағы “Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша балалы болғысы келетін отбасыларға 272 квота бөлінді.
Облыстық аурухананың медициналық-генетикалық бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Файзуллина квотаны қолданатын әрбір екінші науқас жүкті болады дейді.
“Осы бағдарлама бойынша Қазақстан Республикасына және оның ішінде біздің өңірге 7000-нан астам квота бөлінді. 2023 жылы 244 квота бөлінді, олар жүз пайыз игерілді және биыл 2024 жылға 273 квотадан артық бөлінді. Барлығы 350-ден астам адам кезекте тұр. Бізде өңірде 18 клиника экстракорпоралдық қайырымдылық бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Бізге ең жақын өңір-Астана қаласы, сондықтан пациенттердің басым бөлігі Астана қаласына барады. Нәтижелер өте жақсы, олар әлемдік стандарттарға сәйкес келеді”, – дейді ол.
“Аңсаған сәби” бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Жобаға Қазақстан азаматы және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес отбасылық жұптар қатыса алады. Бағдарламасы аясында ЭКО-ға жолдама алу үшін алдымен емханаға барып, бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне тіркеледі. Одан кейін тексерістен өтеді. Арнайы маман қорытынды шығарып, пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия шешімінен кейін әйелді “Емдеуге жатқызу бюросы” порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады.
“Биыл бізге қаралған әйелдердің 42% жүкті болды. Бұл шамамен 120 адам. Біз пациенттерге әрқашан мүмкіндік бар екендігін айтамыз. Ақша жинап, ақылы емханаға қаралсаңыз да болады. Дегенмен, мемлекет ерекше мүмкіндік беріп тұр. Мүмкіндікті пайдаланып, аңсаған сәбилеріңізге тезірек қол жеткізуге қадам жасау керек”, – дейді Әсел Файзуллина.
Диана БАТЫРБЕК
Суреттерді түсірген Айбол Өмірбек