Облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресінің жаңа Президенті тағайындалды prosports.kz

Облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресінің жаңа Президенті тағайындалды

Костанай облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Президенті болып Мақсат Аршабайұлы Ережепов тағайындалды.

Ол туралы Астанада өткен Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының 2024 жылдың қорытындысына арналған есеп беру конференциясында белгілі болды. Іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, федерация басшылары, өңірлік күрес федерацияларының өкілдері, бас және аға бапкерлер, сондай-ақ күрес саласының мамандары қатысқан еді.

«Әрине, биылғы федерация жұмысына қанағаттанарлық деген баға беруге болады. Осы жетістіктерге қол жеткізуде тер төккен барлық әріптестеріме алғысымды білдіремін. Палуандарымыз еліміздің намысын абыроймен қорғап, тамаша нәтиже көрсетті. Жылдың үздік федерациясы атандық. Дегенмен, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. 2025 жылы бұдан да биік шыңдарды бағындырамыз деп сенемін», – деді конференцияда Федерация Президенті Дәулет Тұрлыханов.

Мақсат Аршабайұлы — грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның үш дүркін чемпионы, Әскерилер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері және Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы.

Бұл тағайындау өңірдегі күрес спортының дамуына жаңа серпін беріп, биік жетістіктерге жол ашатынына сенімдіміз.

Жаңалықтармен бөлісу