Солардың бірі – Қостанай ауданының Талапкер ауылы. Жергілікті тұрғындарды облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтай барды. Өзге де ауылдармен онлайн байланыс орнатып, әрқайсысының қуанышын бөлісті.
Облыс өңірлері арасында Қостанай ауданы халықты сумен қамту жөнінен соңғы орында келеді. Аудандағы 51 ауылдың 39-ы ғана ауыз сумен қамтылған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін соңғы үш жылда ауданда су тарату нысандарын салу ерекше қарқын алды. Оған 7,5 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде биыл бес ауылда ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін тауып отыр.
“Құрметті талапкерліктер! Бүгін ауылдарыңыз үшін айтулы күн – жаңа су құбырын іске қосып жатырмыз. Ол сіздерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөзінде. – Сондай-ақ осы жылы Қостанай ауданына қарасты Александров, Мәскеу, Садовой және Еңбек ауылына су құбыры салынды. Нәтижесінде 4,5 мыңнан астам адам алғаш рет орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып отыр. Оның ішінде сіздер де барсыздар. Тіршілік нәрін игіліктеріңізге тұтыныңыздар”.
Талапкер ауылындағы су құбырының құрылысына 873 млн теңге жұмсалған. Бас мердігер “Аиф” ЖШС жарты жылда, көрсетілген мерзімде салып шықты. Осылайша, 552 тұрғыны бар ауыл сапалы ауыз суға кенеліп отыр.
Сонымен қатар бүгін Қостанай ауданының Садовой, Еңбек, Мәскеу, Александров ауылдары, Қарабалық ауданының Боскөл, Қамысты ауданының Адаев, Бестөбе ауылдарында тұратын 3 мыңнан астам адам ауыз суға қол жеткізді. Облыс әкімі көп күттірген игілікке куә болып отырған барлық ауылдың тұрғындарымен онлайн-байланыс орнатып, құттықтауын жолдады.
“Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқы сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етілуге тиіс. Бүгінгі таңда Қостанай облысында ауыл халқының 90,3% сумен қамтамасыз етілген. Биыл облыста 77 жобаны іске асыруға 20,2 млрд теңге жұмсалды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде сапалы ауыз сумен 50 ауыл қамтылып, төрт ауылдағы су желісі жақсартылды. Келер жылы халықты ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін тағы 39 ауылда су құбыры салынады”, – деql3 өңір басшысы.
2025 жылы Қостанай ауданының Октябрьский және Константинов ауылдары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады, Сондай-ақ Лиман ауылында су құбыры салынады. Нечаев және Рыспай ауылдарындағы су желісінің құрылысы жалғасады. Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ж.Жүсіпбек
Суреттерді түсірген – Бердібола КӨРКЕМБАЕВ