25 мая, 2025
Облыста «Ыбырай оқулары» байқауы биыл алғаш рет ұйымдастырылды

Облыста «Ыбырай оқулары» байқауы биыл алғаш рет ұйымдастырылды

Қазақ даласына алғаш білім шамын жаққан ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығына арналған рухани іс-шараны облыстық білім басқармасы мен мәдениет басқармасы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаттың қабырғасында бірлесіп өткізді.

Қара шаңырақтың негізін 140 жыл бұрын Ыбырайдың өзі қалаған. Сол киелі білім ордада болашақтың үмітін арқалаған ұрпақ жиналып, дара дарындарын паш етті.

Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов келіп құттықтады.

– Ыбырай шығармалары кейбір басылымдарда қате немесе қысқартылған түрде беріліп жүр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін музей қызметкерлері зерттеулер жүргізіп, ғылыми мақалалар жариялап, арнайы байқау да ұйымдастырды. Бұл — ағартушы мұрасын лайықты түрде келесі ұрпаққа жеткізудің маңызды қадамы, – деп атап өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты – Ыбырай шығармаларын насихаттау, оқушыларды ағартушының әдеби мұрасын терең түсініп, жүрекпен қабылдауға баулу. Байқаудың алғашқы кезеңіне облыстың барлық аудандарынан және Қостанай, Рудный, Лисаков қалаларынан жалпы саны 906 оқушы қатысып, солардың ішінен 90 дарынды оқушы облыстық кезеңге жолдама алған.


Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспанов құттықтау сөзінде ұлт руханиятының алтын қазығына айналған даланың дара ұстазына арналған тарихи сәттің маңызын атап өтті.

– Бұл байқау облыстық деңгейде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін аудандық кезеңдер өтті. Байқау ережесін облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Ринат Мұхаметқали бекіткен болатын. Екі кезеңнен тұратын байқау – облыстық білім мен мәдениет басқармаларының бірлескен жобасы. Негізгі ұйымдастырушы – қара шаңырақ мектеп-гимназия. Биылғы ерекшелік – оқушылар үш буынға бөлініп қатысады: бастауыш, орта және жоғары сыныптар. Жоғары сынып оқушылары өлеңдерді жаттап қана қоймай, прозалық шығармаларды мазмұндап айтып, сұрақтарға жауап беруі тиіс. Бұл байқауды келесі жылы республикалық деңгейде өткізу жоспарымызда бар, – деді ол.

Аудандық кезеңде топ жарып, облыстық додаға келгендердің бірі – Аманкелді ауданының Б.Қолдасбаев атындағы мектептің 6 «в» сынып оқушысы Еркежан Ғазезова.

– Мен байқау алдында қобалжыдым, бірақ өзіме сендім. Осы сенім мені жеңіске жетеледі. Облыстық кезеңге 25 өлеңді жатқа дайындап келдім. Өлеңдерді жай жаттап қана қоймай, олардың мәнін түсініп, жүрегіммен қабылдауға тырыстым, – дейді жас өрен.

Күн ұзаққа созылған байқауда балалар тек өлең оқып қана қоймай, прозалық шығармалар бойынша сұрақтарға жауап беріп, Ыбырайдың әдеби стилі мен рухани мұрасын қаншалықты терең меңгергенін көрсетті. Әр қатысушы – білімге деген құштарлығын, өнерге деген талпынысын айқын дәлелдеді.

Сайыстың жабылу салтанаты да ерекше атмосферада өтті.  Іс-шараны «Киелі домбыра» үйірмесінің орындауындағы «Ер Тұран» күйі ашып берсе, жеңімпаздарды марапаттау сәтінде зал іші қуаныш пен мақтанышқа толы болды. Балалардың көзіндегі от, жүзіндегі сенім – ұлт ұстазының сөзімен айтқанда, «халық игілігі үшін оқу-білім» жолындағы үлкен жеңіс.

Әдебиет пен сөз өнеріне деген шынайы сүйіспеншілік пен терең дайындық танытқан оқушылардың өнері әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Бастауыш буын оқушылары арасында өткен сөз өнері сайысында бас жүлде Отаралы Мединаға бұйырды. Оқушы көркем мәтінді шеберлікпен жатқа айтып, сахнада өзін сенімді көрсете білді.

Бірінші дәрежелі дипломмен Айзере Бейсенбек  пен Жанель Нағашыбай  марапатталды. Олар байқау барысында мәнерлеп оқу мен сахналық мәдениеттен жоғары деңгей көрсетті. Екінші дәрежелі дипломға Айзере Бауыржан  мен Алдияр Тайшыбек  ие болды. Бұл оқушылар Ыбырай шығармаларын терең түсініп, мағыналы түрде жеткізе білді. Ал, үшінші дәрежелі дипломмен Мадина Оразбекқызы, Гаухар Жұбаныш  (Науырзым ауданы) және Маржан Исламбекова  (Рудный қаласы) марапатталды. Олар өз шығармашылықтарымен ерекшеленіп, әділқазылардың ықыласына бөленді.

Орта буын, яғни 5–7 сынып оқушылары арасындағы байқауда бас жүлде Қостанай қаласынан қатысқан Назерке Егінбайға табысталды. Ол өз өнерімен көрермендерді тәнті етіп, ерекше әсер қалдырды. Бірінші дәрежелі дипломмен Сезім Төлеген  мен Зере Қуатбек марапатталды. Бұл оқушылар әдеби шығармаларды шеберлікпен жеткізіп, сахнада сенімді өнер көрсетті. Екінші дәрежелі диплом Еркежан Ғазизова мен Арлан Мырзабекке бұйырды. Олар байқау талабына сай дайындықпен келіп, көркем сөзге деген құштарлықтарын көрсете білді. Үшінші дәрежелі дипломмен Марат Айдос, Светлана Новицкая  және Еркегүл Қайыр марапатталды. Бұл оқушылар өз деңгейлерінде жақсы нәтиже көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін танытты.

Жоғары буын, яғни 8–11 сынып оқушылары арасынан бас жүлдені Назгүл Қуанышбек жеңіп алды. Ол байқау барысында терең мазмұнды ой мен сахналық мәдениетті жоғары деңгейде көрсетті. Бірінші дәрежелі дипломмен Әсел Хаджабай мен Аружан Қабыкен марапатталды. Олар сөз саптау, көркем оқу жағынан жоғары нәтиже көрсетті. Екінші дәрежелі дипломға Алиса Бахтиярова мен Фариза Салпина ие болды. Бұл оқушылар байқаудың мазмұндық талаптарын толық орындап, ерекше көзге түсті. Үшінші дәрежелі дипломмен Мәдина Сұлтанбекова , Әдия Сапаш және Нұрбала Оңғарбаева марапатталды. Олар өз өнерімен көрермендер мен қазылар алқасының ықыласына бөленді.

Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Олардың әрқайсысы өз мектебінің, өз ауданының, тіпті бүкіл Қостанай облысының абыройын асқақтата білді. Қостанай ауданынан келіп қатысқан Светлана Новицкая ұлты өзге болса да, Ыбырай атамыздың жиырмадан астам өлеңін, оның сыртында қысқа әңгімелерін жатқа айтып, ерекшелігімен көзге түсті.

Облыстық деңгейдегі байқауға алғаш рет қатысу – әр оқушы үшін үлкен тәжірибе. Бұл жолы Жанкелдин ауданынан келген Медина Отаралы осындай маңызды сында өз бағын сынап көрді. Ол үшін бұл оңай болған жоқ. Алайда, Медина анасымен және жетекшісімен бірге қараша айынан бастап тынбай дайындалып, үлкен еңбекпен келді.

–Бұл байқауға үлкен жауапкершілікпен қарадым. Ыбырай атамыздың 22 өлеңін жаттап келдім. Өлеңдерін оқи отырып, жүрегіме мейірімділік, ізгілік қасиеттерін сіңірдім. Бұл шығармалар менің дүниетанымыма, адамгершілік ұстанымдарыма оң әсер етті, – деп қуанышымен бөлісті Медина.

Оның айтуынша, дайындық кезеңі тек жаттаумен емес, атаның шығармаларындағы терең мағынаны түсінумен өтті. Сондықтан да Медина үшін бұл сайыс — тек жарыс емес, үлкен өмір сабағы болды.

Іс-шара соңында «Той думан» биі қойылып, сахнада жеңімпаздардың шаттығы, көрерменнің қошеметі ерекше үйлесім тапты.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК