Облыста үш мектептің құрылысы аяқталуға жақын қалды

Облыста үш мектептің құрылысы аяқталуға жақын қалды

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.

Өңірде білім беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Бүгінгі таңда облыста 3 мыңнан астам 2 жастан 6 жасқа дейінгі бала мектепке дейінгі білім беру нысандарында кезекте тұр.

“Орын тапшылығын жою мақсатында, мектепке дейінгі білім беру нысандарын тұрғызу бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жалпы, облыс бойынша 4 балабақша пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі балалар мекемелеріне кезекті 30% – ға (3 369-дан 2 381-ге дейін, 988 орынға) төмендетуге мүмкіндік береді”, – дейді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін облыста 1980 орындық 3 мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы, 2025 жылға дейін өңірде 9 мектеп салынады, оның 8-і “Жайлы мектеп” жобасы аясында. Қостанай қаласында үш мектеп: Әуежай, Қонай және Береке шағын аудандарында салынатын болады.Соңғы үш жыл көлемінде облыста 600 орындық екі мектеп салынғанын айта кеткен жөн. 2027 жылға дейін жалпы саны 9480 оқушыға шақталған 12 білім ошағын салу жоспарланған.
Өңірде спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2023 жылы Қостанай ауданы Заречное ауылында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДШСК), сондай-ақ жабық ат манежі пайдалануға берілді. Биыл Денисов ауданына қарасты Денисов ауылында спорт кешені ашылды. Ауылдық жерлер мен Қостанай қаласында тағы 9 спорт нысанының құрылысы басталды.Сонымен қатар, Қостанай қаласында үстел теннисі орталығының құрылысы, ел арасында “Осминог” атауымен таралған аквапаркін қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Айтулы жоба бұқаралық спорттың ел арасында кеңінен насихатталуына септігін тигізері анық.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жыл сайын мектеп, балабақша және спорт кешендері сияқты жаңа білім беру нысандарының санын көбейту міндетін қойды.

“Біз балаларымыздың заманауи мекемелерде білім алуы және дамуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Бүгін алдымызға қойған басты мақсатымыз — жас ұрпақтың білімді болуы”, – деді Қ. Ақсақалов.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген — Б. КӨРКЕМБАЕВ.

Жаңалықтармен бөлісу