Қостанай облысы су басу қаупі жоғары өңірлер қатарында. Облыс аумағында қардың көп жиналуына байланысты, қар күрт еріп, жаңбыр жауған жағдайда су тасқыны қатері артуы мүмкін. Қардың қарқынды еруі су қоймаларын кемерінен асырып, арты апатты ағындарға әкелуі мүмкін. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев айтты.
Облыста су басу ықтималдығы жоғары аймақта 37 елді мекен бар. Шамамен 808 тұрғын үй мен 3 мыңнан астам тұрғын қатермен бетпе-бет келіп тұр. Төтенше жағдайдың алдын алу, сондай-ақ су тасқынынан болуы мүмкін зиянды азайту үшін алдын алу шаралары жүргізілуде. Әсіресе елді мекендер аумақтарынан қар шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда мердігерлер сыртқа 868,38 мың текше метр қар шығарған.
«Қалалар мен аудандарда су өткізгіш құбырлар, кәріз жүйелері, арналар тазартылып жатыр. 187 тоннадан астам жанар-жағар май қоры, 11 072 тонна инертті материалдар, 49 119 ыдыс-қап, зардап шеккен халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 26,2 тонна өнімге 109 келісім жасалды. Су тасқыны кезеңіне жергілікті атқарушы органдар зардап шеккен тұрғындар үшін 12117 адамды қабылдай алатын 153 қабылдау пунктін белгіледі. 53 шатыр, 3653 кереует, 3713 төсек-орын жиынтығы бар», – дейді Азамат Орымбаев.
2023 жылдың 1 наурызынан бастап, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» акционерлік қоғамы күн сайын қар жамылғысының спутниктік мониторинг кезінде түсірілген суреттерін ұсынады. «Қазавиақұтқару» АҚ су басу қаупі бар аймақтарды айналып ұшып, барлау жүргізуге келісім жасалды. Облыстың алты ауданында су қоймаларының су басу қаупі бар 15 учаскесінде мұз жару жұмыстары жоспарланған.
Облыста қауіпке қарсы күреске 2959 адам, 1078 бірлік техника, 108 бірлік жүзу құралдары, 267 бірлік мотопомпасы бар облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының топтамасы жасақталды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ