Облыста өндіріс көлемі артты

Облыста өндіріс көлемі артты

Облыстың жыл басынан бергі даму көрсеткіштері оң динамикаға ие. Әсіресе, өңір экономикасы қарқын ала түскен. Айталық, өнеркәсіп кәсіпорындары тоғыз ай көлемінде 1,9 трлн теңгенің өнімін шығарды. Бұл жөнінде облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Қазір шикізат өнімдерін өткізу көлемін кеңейту мақсатымен жаңа нарықтар іздестірілу үстінде. Өңдеу өнеркәсібі саласында жетекші күш болып машина жасау бағыты ерекшеленіп отыр. Биыл көлік-техника өндірісі 32,9 пайызға артқан», – дейді басқарма басшысы.

Оның мәліметінше, өңдеу өнімдері бағытында Денисов, Қарабалық, Федоров аудандары мен Қостанай, Рудный қалалары алдыңғы қатарда келеді. Ал, керісінше, Б.Майлин, Қарасу және Жангелдин аудандарында өндіріс көлемі айтарлықтай қысқарған. Ауыл шаруашылығы саласында да елеулі өсім бар. Тек Қарабалық және Жангелдин аудандары былтырғы көрсеткіштен аса алмаған. Осы олқылықтардың орнын толтыру – алдағы уақыт еншісіндегі міндет пен мақсат.

«Облыс экономикасына 347,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғыдан әлдеқайда көп сома. Бұл жөнінен Арқалық, Жітіқара, Әулиекөл, Амангелді, Науырзым өңірлері нәтижелі жұмыс істеді. Б.Майлин, Қостанай аудандары мен Лисаковта көрсеткіш кеміген, – деп баяндамасын жалғады Г.Мұсағазина. – Құны 3 трлн теңгелік 48 жобадан тұратын пул жасақталып отыр. Мұның аясында 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Жыл басынан бері шағын және орта бизнес нысандарының саны 11 пайызға артқанын да айта кету керек».

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңір экономикасының тірегі саналатын өндіріс орындарындағы елеулі жобалар туралы пікір қоса өтті.

«Бізге машина жасау саласын дамыта түсуіміз керек. Шамамен, екі аптадан кейін Қостанайда КІА зауытын салу бастау алады. Оның құрылысына екі жыл жұмсалады деп жоспарланып отыр. Зауытта 1500 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жобаға салынатын инвестиция сомасы 90 млрд теңге. Мұның сыртында, Мемлекет басшысы біздің алдымызға металды тереңдетіп өңдеу міндетін қойды. Қазір қара металлургияның ірі кәсіпорнын салу мәселесі пысықталып жатыр», – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы саласында бірқатар мәселені, атап айтқанда, орақ науқанын аяқтауға қолдау көрсету аясында қабылданып жатқан шараларға тоқтала өтті.

Жандос ЖҮСІПБЕК

 

Жаңалықтармен бөлісу