Оған Рудный қаласы балалар үйі тәрбиеленушілерінің концерті негіз болды.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері көпшілікке өз өнерлерін көрсетті.
Олардың арасында көптеген талантты әншілер, актерлер мен бишілер бар. Көрермендер әр нөмірді ерекше қошеметпен қарсы алып, ризашылықтарын білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали өңірдің ірі өндірушілері мен бизнес, мемлекеттік мекемелердің өкілдерін жетім балаларға корпоративтік тәлімгер болуға шақырды.
– «Мейірім» акциясы Шығыс Қазақстан облысында сәтті басталған болатын. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев акцияның маңыздылығын бағалап, осы тәжірибені еліміздің барлық өңірлерінде таратуды тапсырды.«Мейірім» акциясының негізгі мақсаты – ірі өндірушілер, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары арасынан тәлімгерлерді бекіту, оларды одан әрі сүйемелдеу, кәсіптік бағдар беру және мамандық таңдауда көмек көрсету. Біздің өңірде бұл акция Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балаларды махаббатпен қорғайық» ұранымен өтіп жатқан «Алтын балалық шақ» онкүндігі аясында бастау алуы кездейсоқ емес, – деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.
Қостанай облысында 1,5 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады.
– Акция барысында ұйымдар мен кәсіпорындар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды ресми қамқоршылыққа алып, өмірде алғашқы қадамдарды жасауға, болашақта депозиттік шоттар арқылы материалдық қолдауды қамтамасыз етуге және мамандық таңдауда шешім қабылдауға, өз жолдарын қателеспей табуға көмектеседі деп жоспарланып отыр, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова.
Рудный балалар үйінің директоры Павел Коваль мұндай бастаманы көптеген қостанайлықтар қолдайтынына сенімді.
– Бірнеше мемлекеттік органдар, оның ішінде Қостанай облысының әкімдігі, білім, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау басқармалары, сонымен қатар «Шанс» баскетбол мектебі, «Нұрбанк» акционерлік қоғамы Рудный қаласының балаларды қолдау орталығының тәлімгерлері болып отыр. Айтар алғысымыз шексіз! Бөтен бала деген ұғым болмауы керек, – деді Павел Коваль.
Концертте әр көрермен «Мейірім» акциясы бойынша және ата-анасыз қалған балаға үй мен отбасын сыйлағысы келетіндерге бес қадам жайында буклеттер таратылды.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттері түсірген – Бағдат Ахметбеков