Облыста мал шаруашылығына стратегиялық басымдық берілді

Облыста мал шаруашылығына стратегиялық басымдық берілді

Ол туралы Астана қаласында өткен саланың үздік қызметкерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімінде айтылған болатын. Іс-шараға еліміздің әр аймағынан келген үздік мамандар қатысқан еді.

Оларды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы құттықтады. Сонымен қатар Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов те шараға қатысты.

«Қостанай облысы үшін мал шаруашылығы – агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық маңызды және тұрақты дамып келе жатқан салаларының бірі. Өңіріміз сүт пен ет өндіруде, сондай-ақ асыл тұқымды мал өсіру бағытында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, республика көлемінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Жыл сайын ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны артып, бұл салаға деген тұрақты қызығушылықтың бар екенін және оның болашағы зор екендігін айғақтап отыр», – деген басшылық тарапынан баға берілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша, облыста ірі қара мал өсірумен айналысатын 1654 шаруашылық тіркелген.

 Оның  422 -сі жылқы шаруашылығына, 1035 -і қой шаруашылығына, 69 — ы шошқа өсіруге, 11 — құс өсіруге бағытталған.

Мал шаруашылығын дамыту мақсатында жүйелі түрде инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесін енгізу аясында тауарлы-сүт фермаларын салу жобаларына несие беріліп, 7 ферма құрылысы басталды. Соның ішінде 3 ферма 2024 жылы іске қосылып, олардың жалпы жылдық қуаты 19 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік берді. Қалған 4 ферма 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Жалпы алғанда, 2028 жылға дейін Қостанай облысында жылына 150 мың тонна сүт өндіретін 30 жаңа тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланған.

Ет өндірісін дамыту бағытында жылына 12,6 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік беретін бордақылау алаңдары мен мал шаруашылығы кешендерін салу және жаңғырту бойынша 26 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар ірі қара, ұсақ мал, жылқы және шошқа шаруашылықтарын қамтиды.

Құс шаруашылығы да өзектілігін жоғалтпай отыр. Жалпы қуаты жылына 87 мың тонна құс етін өндіретін 5 жобаны іске асыру және жаңғырту көзделген.

Мал шаруашылығындағы кәсіп иелерінің беделін арттырып, үздік мамандарды ынталандыру мақсатында маусым айының екінші жексенбісі ресми түрде «Малшылар күні» ретінде белгіленген.

Облыс үшін бұл шара ерекше мақтаныш болды – бірден бес маман түрлі марапатқа ие болды.

Қостанай ауданы «К. Маркс атындағы» ЖШС техник-ұрықтандырушысы Татьяна Колесник Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атынан Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жанкелдин ауданы «Сыма-К» ШҚ шопаны Алшынбай  Әбенов көп жылғы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» ведомстволық наградасына ие болды.

Аманкелді ауданы «Евразия Инвест» ЖШС басшысы Жәнібек  Кенжебаев  «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Аманкелді ауданы «Нұрлы Жол 2015» ЖШС табыншысы Азамат Көшмурзин мен Қарасу ауданы «Ключевое» ЖШС зоотехнигі Сергей Волошин ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Бұл марапаттар – мал шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген мамандардың кәсібилігі мен ерен еңбегінің нақты дәлелі іспеттес.