«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы облыстық отбасы және халықты әлеуметтік қорғау кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Кеңес мүшелері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін, атап айтқанда, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың кез келген түріне жазаны қатайту мәселелерін талқылады.
Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, сондай-ақ білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау қызметін күшейту, бірыңғай телефон сенімін ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен қорқыту құрбандарына көмек көрсетудің тиімді бағдарламасын әзірлеу турасында да сөз қозғалды.
– Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында еліміздің экономикалық дамуы туралы өз көзқарасын айтты. Сонымен қатар, Елбасы экономика мен саясаттың ғана емес, біздің балаларымызға қатысты өмірлік маңызды мәселелерге де тоқталды.Елбасы, әсіресе, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің назарын балалар мен жасөспірімдер мәселесіне аударды. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатайтып, жол инфрақұрылымының, ғимараттардың, балалардың киім-кешек, азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аудару қажет, – деді құқық маманы Несібелі Бәсенова.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуды ерекше бақылау қажеттігін атап өтті. Дәл осындай мәселені ол былтыр да айтқан болатын.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алексей Милюктің айтуынша, құқық қорғау органдары түнгі уақытта заңды өкілдерінің жүруінсіз үйден тыс немесе ойын-сауық орындарында жүрген жасөспірімдерді анықтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Жыл басынан бері осындай заңбұзушылыққа жол берген 2667 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне балаларды тәрбиелеу және асырау жөніндегі өз міндеттерін тиісінше орындамайтын (бейімсіз отбасылар) бақылау жүзеге асырылады. 2023 жылдың басынан бұл санат бойынша 761 адам профилактикалық есепке алынған.
«Өкінішке орай, мұндай қылмыстардың саны екі есеге артты. Оған тұрмыстық тәртіпсіздік, ата-аналардың балаларымен өткізетін уақытына бақылаудың әлсіреуі себеп болып отыр. Әулиекөл ауданында, Арқалық және Рудный қалаларында отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына 5 кешенді көмек көрсету орталығы жұмыс істейді, онда жәбірленушіге уақытша баспанамен, тамақпен және қажетті заттармен қамтамасыз ете отырып, мамандардан (психологиялық, әлеуметтік, құқықтық) жан-жақты көмек көрсетіледі”, – дейді ол.
Әсел ҚИБАШ