Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты ма?

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты ма?

Өңірімізде эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақтанып келеді. Бұл туралы  өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингінде айтылды.

8 ақпаннан бастап ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ауа-тамшы жолымен берілетін Covid-19, тұмау және ЖРВИ, қызылша сияқты жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын күшейту туралы қаулысы күшіне енді.  Қаулыға сәйкес маска режимі міндеттелді. Медициналық ұйымдарда қызметкерлер үшін де, келушілер үшін де бұл режимнің маңызы зор. Әуежай, теміржол және автовокзалдар, базарлар мен сауда-ойын-сауық орталықтары сияқты адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда бетперде киюді ұмытпаған жөн дейді мамандар.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Айтмолдаұлы өңірде коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық 1,9 есеге өскендігін айтады. Яғни,  қаңтар айында 35 адам ауырған болса, өткен жылдың желтоқсанында 18 адам вирус жұқтырған.

“Эпидемиялық маусым басталғалы облыс аумағында тұмаудың 116 және ЖРВИ-нің 71 мыңнан астам жағдайы тіркелді. 2023 жылдың қазан айында  тұмауға қарсы иммундау науқаны өткізілді. Облыс бойынша барлығы 86000 адам “тұмау плюс” вакцинасын алды”, – дейді департамент басшысы.

Жыл басынан бері облыс тұрғындарынан  222  қызылша вирусы анықталып үлгірді, сырқаттанған науқастарды тіркеу әлі де жалғасып жатыр.

“Қазақстанда былтырғы 6 қарашадан бастап, балаларды қызылшаға қарсы жаппай иммундау басталғаны баршаға мәлім. Осы науқан аясында бүгінгі күні 42320 адам егілді. Өткен жылмен салыстырғанда, сырқаттанған балалардың саны біршама азайды. Қызылшаға бейімділік өте жоғары. Яғни, науқаспен байланыста болған  қорғалмаған адамдар жұқтырады. Егер сіз аурудың белгілерін сезсеңіз, ұйымдасқан ұжымдық орындарға барудан аулақ болғаныңыз жөн”,– дейді Ермұханбет Дәулетбаев.

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу