24 мая, 2025
Облыста «Еңбек жолы» байқауы басталды

Облыста «Еңбек жолы» байқауы басталды

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Еңбек жолы» байқауына қатысу үшін үміткерлердің өтінімдерін қабылдау басталғанын хабарлайды. Осы байқау арқылы өңірдің үздік өндіріс қызметкерлері мен еңбек әулеттері анықталмақ.

Жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейде өткізілетін бұл байқау өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды танымал етуге және жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.

Қатысушылар үш аталым бойынша анықталады. «Үздік еңбек әулеті» аталымына еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет таңдалады. Келесі «Өндірістің үздік жас маманы» аталымы жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын, ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскерін анықтайды. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында жұмыс өтілі кемінде 20 жыл әрі жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгерді таңдап алуға мүмкіндік бергелі отыр.

Конкурсқа кәсіпорындардың (саласына қарамастан) барлық қызметкерлері қатыса алады. Жеңімпаздарды арнайы республикалық комиссия анықтайды.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі 2025 жылғы 1 шілдеге дейін.

Конкурс туралы толық ақпарат алу үшін 8 (7142) 50-11-80 телефоны бойынша Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтіну қажет.