Қостанай облысында қызылшамен ауырған екі жасар бала тіркелді. Бала ауруға қарсы екпе алмаған. Сараптама көрсеткендей, ол 18-20 наурыз аралығында Ресейде болған. «Демек, науқас ауруды сол жақтан жұқтырып келген», – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова бүгінгі өткен брифингте.
Жалпы қызылша барлық елдерде де белең алып келеді. Біздің елімізде 107 жағдай тіркелген. Ауырғандардың 70 % екпе алмағандар. Қызылша тез жұғатын инфекциялық ауру. Одан қорғанудың жолы – екпе алу.
–Ата-аналарды екпе алып, аурудан қорғануға шақырамыз. Ол үшін емханаға барсаңыздар болғаны. Екпеге қажетті дәрілер жеткілікті. Біз жыл сайын жоспарлы түрде ата-ананың келісімімен 1, 6 жасар балаларды егеміз. Облыс көлемінде 3600 бала уақытылы екпе алмаған, – дейді Гүлім Досымова.
Кеше Қостанай облысының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысы шықты. Осы қаулыға сәйкес мектепке дейінгі балалар ұйымдарының топтарында жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балалардың үлесі 10% дан аспауы тиіс.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.