Облысқа 80 мың доза тұмауға қарсы вакцина жеткізілді

Облысқа 80 мың доза тұмауға қарсы вакцина жеткізілді

Биыл облысқа 80 мың доза вакцина әкелінді, оның жалпы құны 81 миллион теңге. Вакцинаны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Баязитов алғашқылардың бірі болып қабылдады.

Облысқа жергілікті бюджет есебінен «Гриппол плюс» атты үшвалентті, инактивтендірілген полимер-субъединикалық вакцинасы сатып алынды. Вакцинаның құрамында А типті грипп вирусының H1N1 штаммы, А типті грипп вирусының H3N2 штаммы және В типті грипп вирусының антигені бар.

Бұл препарат – солтүстік жарты шар үшін ағымдағы эпидемиологиялық маусымға арналып, ДДСҰ-ның ұсыныстары негізінде дайындалған. Өндіруші – Ресей Федерациясының «ПетроваксФарм» компаниясы. Вакцинаның қауіпсіздігі туралы қорытынды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық сараптама орталығы тарапынан берілген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес, 60 жастан асқан адамдар және қарттар үйлерінің тұрғындары; тыныс жолдары ауруларына бейім балалар, жетімдер үйіндегі балалар; кәсіби қызметіне байланысты халықпен тікелей қарым-қатынаста болатын медицина қызметкерлері; эпидемиологиялық көрсеткіштері бар тұлғаларға тегін.

Тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралуының алдын алу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарымен бірлескен арнайы іс-шаралар жоспары құрылған. Барлық медициналық мекемелерде сүзгі кабинеттері мен қабылдау бөлімдері әзір. Дәрігерлер де қосымша дайындықтан өткен.

Егер эпидемиологиялық жағдай күрделене түссе, медициналық ұйымдарда қосымша төсек-орындар ашылып, ауыр жағдайдағы науқастарды жатқызу қамтамасыз етіледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды екпеге белсенді қатысуға шақырады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА