Облыс мектептеріне мұғалімдер жетіспейді

Облыс мектептеріне мұғалімдер жетіспейді

Өңірде мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі  баршылық. Қазір облыс бойынша 119 мұғалім жетіспейді. Соның 28-і қалалық жерге болса, 91-і ауылға қажет. Математика, информатика,  ағылшын, орыс тілі пәндерінің мамандары қат. Әсіресе, Әулиекөл, Лисаков, Арқалық, Қамысты аудандары жас мамандарды күтуде.  Қазіргі уақытта конкурстық іріктеу өтіп жатыр.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов «жылына 800-ге жуық бала жоғарғы оқу орнын бітіріп, шығады, одан қалды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бар, жалақысы жақсы. Кадр жетіспеушілігі осы уақытқа дейін неге шешілмеген?» деп сұрады. Аудан әкімдері алдағы екі жетіде бұл мәселе толық шешімін тауып, мұғалімдер қатары толығады деп сендірді.

–Қала орталығына көшіп келушілер көп. Мектепте оқитын балалардың саны да жылдан-жылға артып келеді. Осыған орай биыл үш жаңа мектеп салып жатырмыз. Осы құрылыстың сапалы әрі уақытылы салынуын тиісті басқармалар қадағаласын. Облыста «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. Сегіз мектептің құрылысын жоспарлап отырмыз. Мектеп салу оңай емес. Оған уақыт пен қаржы қажет. Сондықтан кейбір елді мекендерде дайын тұрған ғимаратқа қосымша құрылыс жүргізуді қарастырсақ дейміз. Жылыту маусымына да дайындықты жеделдетіңіздер. Қазіргі кезде облыстағы барлық білім ошақтары кең жолақты интернетке қол жеткізген. Оның жылдамдығын одан әрі арттыра түссек дейміз, – деді облыс әкімі Қ. Ақсақалов.

Жаңалықтармен бөлісу