30 мая, 2025
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Арқалық қаласы және Аманкелді ауданында болды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Арқалық қаласы және Аманкелді ауданында болды

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Аманкелді ауданы және Арқалық қаласына келді. Облыс басшысын өз аумақтарында қала әкімі Әмірхан Асанов пен аудан әкімі Қанат Кеделбаев күтіп алды.

Батыр атындағы ауданда ең алдымен абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Ауданның туристік визиткасына айналған көпсалалы туристік кешенге ат басын бұрды. Кешен 2 млрд 750 млн теңге көлемінде тартылған қаражат есебінен тұрғызылған.

Жалпы ауданы — 70 мың шаршы метр. Іске асыру мерзімі: 2020-2026 жылдар аралығын қамтиды.

Облыс әкімі көшет отырғызуға қатысты. Бұл жерде 2,6 миллион теңгеге барлығы 500-ге жуық ағаш отырғызылады. Оған қоса жалпы сомасы 600 мың теңгеге 3 мың шаршы метр жер көгалдандырылады.

Ауданда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында 1966 жылғы түлектер «Түлектердің туған елге үлесі» челленджін бастаған. Осы бастама аясында 2024 жылы 200 ағаш, 2025 жылы 100 ағаш отырғызылды.

Арқалықтағы жұмыс сапарында облыс әкімі қала әуежайын қайта құрудың жоспарларымен танысты. Әуежайдың жаңа терминалын салу, сондай-ақ ұшу-қону жолағын, таксомотор жолын және перронды қайта жаңарту жобасын жүзеге асыру қарастырылуда.

Нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыны құрайтын болады.

«Жезқазған — Петропавл» республикалық тас жолы жөнделуде. Жолдың жалпы ұзындығы 940 шақырым болса, оның 125 шақырымы Қостанай облысына тиесілі.

Бұл жолды жөндеу нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік облыстарынан елордамыз Астанаға дейінгі қашықтықты 600 шақырымға және Қостанай мен Петропавлға дейінгі қашықтықты 450 шақырымға қысқартады.

Құмар Іргебайұлы Арқалық қаласында да өз қолымен көшет отырызды. Биыл  көктемге қалаға кіреберіс жолдың бағытында 50 миллион теңгеге жуық облыстық бюджет қаражатына 4000 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Мердігері – «Айзере» ЖШС.

Орайы келгенде қаланың бизнес өкілдерімен кездесіп, бастамаларына сәттілік тіледі. «Таза Қазақстан» бағдарламасын ұдайы назарда ұстауды тапсырды.

Қазіргі таңда қаладағы өткен жылы пайдалануға берілген 300 оқушыға арналған жайлы мектептің ауласы абаттандырылып жатыр. Мердігері – «Алюминстрой» ЖШС.

Жайлы мектептің жабдықталуы жоспарға сай жүзеге асуда. Облыс әкімі мектептің тігін цехы, спорт залы және асханасын аралап, балаларға сапалы білім берумен қатар жасалып жатқан қолайлы жағдайларды да өз көзімен көрді.

«Горняк» мәдениет сарайының күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мердігері «RAKADA GROUP» ЖШС. Облыс әкімі құрылыс ошағында болып, жұмысты жеделдету қажет екендігін айтты.

Бүгінгі күні Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті білім беру бағыттарын кеңейтіп журналистика, IT, экономика, ауыл шаруашылығы және басқа мамандықтар ашып, жоғары оқу орнының деңгейіне көшуге қам жасауда.

Қалада ұзақ жылдардан бері бос тұрған көлемді ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, университет құзырына беру мәселесі қарастырылуда.

Асфальт-бетон зауыты мен қиыршық тас карьерінің құрылымдық жұмыстары аяқталу шегінде . Кәсіпорынның өндірістік қуаты сағатына 105 тоннаны құрайды. «Лидер Строй 2002» ЖШС қаражатына жалпы құны 973 ​​млн теңгені құрайтын RD-105 маркалы (Қытайда жасалған) құрал-жабдықтар сатып алынды.

 Арқалық жылу электр орталығы өткен қыста қаланы көмірмен жақсы жылытып шықты.  Қаланың жылу желілері кезең — кезеңмен жаңғыртылуда.

Облыс әкімі тері өнімдерін өңдейтін «Үміт» ЖШС мен бұрынғы ет комбинатында да аялдап, олардың қазіргі жай-күйіне қанықты. Жұмысы тежеліп қалған былғары өңдеу зауыты қытайлық компанияның қолдауымен жақында жұмысын қайта жандандырмақ. Кешенді жұмыс жоспарлары жасалған. Ет комбинаты да қолдау болса іске қосылғалы тұр. Жабдықтарының бәрі жақсы сақталған.

Құмар Ақсақалов сапар түйінінде егіс алқабына табан тіреді. «Село Восточный» ЖШС көктемгі тұқым себу науқанын бастауға дайын.Серіктестіктің негізгі қызмет түрі егін шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы жерлерінің барлық көлемі- 54 мың 366 гектар. Оның ішінде астық – 52 мың 228 гектар, мал азығы – 2 мың 138 гектар.

Дихандарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Жанар — жағар май, қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар өзге де қажетті құрал — жабдықтар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

Облыс әкімі осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, науқанды мерзімінде әрі сапалы жүргізуді жүктеді.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев

Арқалық қаласы