Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов “KamlitKZ” ЖШС мен КИА зауытына барып, өндіріс ошақтарының жұмысымен танысты.
– Біз мұнда төрт айдан бері болған жоқпыз. Бүгін сіздермен бірге кәсіпорындарды аралап, екі аралықта қандай жұмыс істелді, соны көреміз, – деді БАҚ өкілдеріне.
Жалпы, астықты өңір өнеркәсіп өнімдерін өндіруде республикада алғашқы үштікке енуді мақсат етіп отыр.
Оған негіз де жоқ емес. Облыс аз ғана жылда автокөлік өндірісінің көшбасшысына айналып үлгерді. Бұған “KamlitKZ” ЖШС мен КИА зауытының құрылысы дәлел.
Алғашқысы үш бірдей ірі жобаны қолға алды. Кәсіпорын жылына 164 мың тоннаға дейін дайын жоғары технологиялық шойын құймаларын өндіруге қауқарлы. Ол жүк және жеңіл көліктер өндірісіне қажет. Зауытта 1000 адам жұмыспен қамтылмақ. Дені жастар.
– Бұл өңірде жүмыспен қамту деңгейін арттыра түседі. Қазірдің өзінде біздің жастарымыз өздерінің қолынан іс келетінін дәлелдеп үлгерді. Оларды жергілікті жоғары оқу орындарында оқытып, үйрете береміз, – деді Құмар Ақсақалов.
Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Қазірдің өзінде зауытта он алты робот жұмыс істеп тұр. Олар әрбір детальді әлемдік стандарттарға сай, өте жоғары деңгейде әрі дәлме-дәл өңдейді.
Биыл өндіріс ошағында 2300 шойын құймасы әзірленбек. Бүгінгі таңда соның 200-і дайын. Зауыт толық іске қосылғанда дайын өнім көлемі бес есеге артады. Бұл республикадағы шойын өндірісінің тең жартысы.
Экономиканы әртараптандырудағы маңызды қадамның бірі – КИА көліктерін құрастыратын зауыттың құрылысы. Құмар Ақсақалов бұл өндіріс ошағы ел тәуелсіздігін алғалы бері салынып жатқан ең ірі кәсіпорын екендігін атап өтті. Өндіріс ошағы іске қосылғанда мұнда 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік құрастырмақ. Мұның да облыстағы автокөлік құрастыру ісін дамытуда маңызы зор.
Яғни, елімізде шығарылатын барлық көліктік жартысынан астамы біздің өңірге тиесілі. Зауыт келесі жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға беріледі.
– Жылдың аяғына дейін біз зауыттың қаңқасын тұрғызып боламыз. Сосын жабдықтарды орнатамыз. Біздің жұмысымызға аса қажетті электр, газ, су құбырларын тартып, жол салғызып жатқан облыс басшыларына алғысымыз алабөтен, – дейді зауыттың бас директоры Ким Де Ки.
Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Әлібек Ыбырай
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.