Облыс әкімі “Әуежай” шағын ауданының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі “Әуежай” шағын ауданының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласындағы “Әуежай” шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, шаһардың дамуына қатысты жоспарды көпшілікке таныстырды.

Соңғы екі-үш жылда республика бойынша жылу желілеріндегі апат саны көбейе түсті. Былтыр қыста Павлодар облысының Екібастұз қаласында бірнеше қазандық істен шығып, тұрғындар аязды күні жылусыз қалған еді. Одан кейін, Рудный, Арқалық, Қостанай қалаларында кезек-кезек құбыр жарылып, көпшілік әбігерге түсті. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жылу желілерінің қазіргі ахуалы көңіл көншітпейтінін айтып отыр. Бүгінде Қостанай облысындағы жылу желілерінің 49,9 %-і тозған.

– Биыл облыстағы жылу желілерінің ақауларын жөндеуге 13,2 млрд теңге бөлінді. Соның 2,4 млрді Қостанай қаласына қарастырылған. “Әуежай” шағын ауданындағы жылу желілерін қайта жаңғыртуға 983 млн теңге жұмсалмақ. Былтыр бұл жерде апат көп болды. Алдағы жылу беру маусымында болуы мүмкін қауіпті барынша азайтамыз. Құбырлардың тозу көрсеткішін 62%-ке төмендетеміз. Шағын аудандағы жылу және ыстық су желілерінің дұрыс жүргізілмегені анықталды. Тозған құбырлар қайтадан ауыстырылады. Кейін мәселе туындамау үшін жұмысты мұқият істеу керек, – деді Құмар Ақсақалов.

Облыстағы автожол саласын дамытуға 55,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат былтырғы жылмен салыстырсақ 30%-ке артық.

– Жылдың аяғына қарай біраз жолдар жөнделеді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 87 %-ке дейін жетпек. Қаладағы автожолдарды жөндеуге 8,6 млрд теңге бөлінген. Оның өзі былтырғыға қарағанда үш есеге көп. Қаражат аясында Қостанайдың 65 көшесі мен 45 аулада жөндеу жүргізілмек. Соның ішінде Абай көшесін жөндеуге ерекше ден қойылып отыр. Құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтаймыз деген ойдамын, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы өз есебінде қоғамдық көліктер мәселесіне де тоқталды. Қалада 233 автобус бар. Соның басым көпшілікі ескі, он бес жылдан бері пайдаланылып келе жатыр. Қаладағы автобус паркін жаңарту мақсатында қосымша 54 автобус сатып алынбақ. Ұзындығы он бір метрлік жаңа автобустардың сыйымдылығы жоғары. Жайлы да жаңа автобустар қала тұрғындарының көңілінен шығады деген ойдамыз.

Құмар Ақсақалов биыл әуежай ғимаратын қайта қалпына келтіру жоспарланғанын хабарлады.

– Қайта қалпына келтіру жұмыстарына 7,4 млрд теңге бөлеміз. Әуежай аумағын 5 200 – ден 8 700 шаршы метрге дейін ұлғайтамыз. Нәтижесінде, өткізу орны кеңейеді. Әуежай бір мезгілде жеті рейске дейін қабылдай алатын болады. Алдағы уақытта ұшу географиясы кеңейіп, қызмет сапасы жақсара түспек, – деді облыс әкімі.

Ауылдарды орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші өте төмен. Аталған бағытқа биыл 21,8 млрд теңге бөлініпті. Қаражат тиімді игерілсе, елді мекендерде орталықтандырылған таза сумен қамту көрсеткіші 86,6%-ке дейін, ал қалаларда 98,6%-ке дейін артады.

Шаһардағы абаттандыру жұмыстарына биыл жылдағыдан қомақты қаражат бөлінді. Ескірген ағаштардың орнына жас көшеттер мен бұталардың отырғызылғаны туралы бұған дейін газетімізде жазған едік.

– Қостанай қаласын абаттандыруға биыл 639 млн теңге бөлінген. Жолаушылар көп шоғырланатын әлеуметтік нысандарға жақын жерлерге он бір жылы аялдама орнатылады. Осы мақсатта 151 млн теңге қарастырдық. “Әуежай” шағын ауданындағы көлдің жағасын абаттандыруға 117 млн теңге жұмсалмақ. Көпшілік арасында “Тарелочка” деп аталып кеткен көлдің жағалауы қалпына келтірілмек. Одан кейін, қала бойынша 33 жаттығу құрылғысы (тренажёр) орнатылады. Соның оны Гашек көшесіндегі “Тәуелсіздікке 25 жыл” саябағына қойылады. Субұрқақтарды жөндеуге биыл арнайы қаражат қарастырылды. Өйткені, қаладағы субұрқақтар әбден ескірген, – деді аймақ басшысы.

Халықты алаңдататын мәселелердің бірі – тұрғын үй құрылысы саласы. Жиналыста жаңа үйлердің сапасына сын айтылып, ұзақ мерзімді құрылыстардың болашағы туралы сөз болды.

– Облыста тұрғын үй құрылысы бағдарламасына 29,3 млрд теңге бөлінді. Қаражат былтырғымен салыстырғанда бір жарым есеге көп. Қостанай қаласында бұл салаға 13,9 млрд теңге бағытталды. Биыл “Қостанай жастары” бағдарламасын қаржыландыруды үш есеге арттырып, 2,1 млрд теңге бөлгенбіз. Бұл іс-шара барлық санаттағы жастарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Кемінде 140 адамды осы бағдарлама аясында тұрғын үймен қамтуды жоспарлап отырмыз, – деген Құмар Іргебайұлы “Әуежай” шағын ауданындағы ұзақ мерзімді құрылыстар жылдың соңына дейін аяқталатынын жеткізді.

Қазір қаланың үш жерінде, “Береке”, “Әуежай” және “Юбилейный” шағын ауданда құрылыс қарқынды жүруде. Жоба бойынша “Береке” шағын ауданында 72 көпқабатты тұрғын салу жоспарланған. Соның 17-сі салынды. Қалған елуге тарта үй жуық арада салынбақ. “Береке” шағын ауданында шамамен, 15 мың адам тұратын болады. “Қонай” шағын ауданында отыз көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Жылдың соңына дейін он үйді пайдалануға бермекпіз. “Әуежай” шағын ауданында жоспарға сай, 41  үй салынуы тиіс еді. Бүгінде соның 37-сі салынды. Қалған төртеуі алдағы уақытта іске қосылады. Бұл жерде үш үйдің құрылысы ұзақ мерзімге ұласып жатыр. Мәселе қайта қаралып, қосымша қаражат бөлінді. Жылдың аяғына қарай “сағызша созылған” құрылыс аяқталады деп отыр. Осы аталған үш шағын ауданда құрылыс аяқталған соң, 48 мыңнан астам адам тұрады деп жоспарлануда.

Облыс әкімінің есебінен соң қала тұрғындары толғандырған сұрақтарын қойды. Мәселен, №21 үйдің тұрғындары “Керуен” саябағындағы көлдің маңындағы қамысты оруға қаражат бөлініп немесе бөлінбегенін сұрады. Сондай-ақ осыдан екі-үш жыл бұрын Герасимов көшесі №7 үйдің бүйіріндегі алаңқайға отырғызылған көшеттердің жай-күйі де халықты алаңдатуда. Жас көшеттер күтімге алынбай, құрап қалған.  Оған кім жауапты?

– Мердігер анықталған соң аталған бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Қазірдің өзінде қала бойынша 16 гектар аумақты қураған қамыстан тазарттық. “Тарелочка” көлінің маңындағы қамысты тазарту жұмыстары бөлек жобаға кіреді, – деген қала әкімі Марат Жүндібаев ағаштардың суарылмай, қурап қалып жатқанына да жауап берді.

Қаладағы жас көшеттерді күтіп, баптау жұмыстарын қадағалау үшін “Жасыл комиссия” құрылыпты. Ал ағаштарды суаруға мамандар үлгермей жатқан көрінеді.  Облыс әкімі Құмар Ақсақалов отырғызылған әр ағаштың уақытында суарылуы қажеттігін ескертті.

– Ағашты еккен соң уақытында суарып, баптау керек. Әрбір ағашты есепке алған жөн. Бастаған істі аяқсыз қалдыруға болмайды. Бұл бағыттағы жұмыстарды тәртіпке келтіру қажет, – деді облыс әкімі.

Жеке кәсіпкер Динара Бексұлтанова №1,2,3 үйлер ауласының қазіргі жағдайына алаңдаулы.

– “Әуежай” шағын ауданындағы №1,2,3 үйлердің арасында “KBS” құрылыс компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізді. Тротуарды тазартып, балалар ойын алаңының маңын қазып тастады. Бұл аумақты қалпына келтіру үшін қандай жұмыстар жоспарлануда?, – деді қала тұрғыны Д. Бексұлтанова.

Аталған мердігер маңайды қазып тастағалы бері №3, 5 үйлердің кәріз құбырлары жиі бітелетін болған. Жергілікті билік өкілдері бұл мәселенінің түп төркінін жақын арада анықтап, тиісті жұмысты қолға алмақ. Бұдан бөлек “Әуежай” шағын ауданындағы жылу желілерін жөндеу жұмыстарына қатысты сауалдар қойылды. Тұрғындардың бірі шағын ауданға полиция бекетін орнатуды сұраса, енді бірі қосымша қоғамдық көлік шығарсаңыздар деген өтініш айтты.

 

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу