Несие — жеңіл, төлемі — ауыр Фото: Ertenmedia.kz

Несие — жеңіл, төлемі — ауыр

Несие қазіргі қоғамның қаржылық өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Тұрғын үй, білім, көлік немесе басқа да қажеттіліктер үшін несие алу қалыпты қаржылық құрал ретінде қарастырылады.

Алайда кез келген қарыз – ең алдымен міндеттеме. Сондықтан мәселе «несие алу керек пе, жоқ па?» дегеннен бұрын, «оны қайтару мүмкіндігім қандай?» деген сұрақтан басталғаны жөн.

Несие рәсімдеген кезде адамның назарында тек бүгінгі қажеттілік емес, ертеңгі төлем де тұруы тиіс. Ай сайынғы міндеттеме табысқа шамадан тыс салмақ түсірсе, бір ғана күтпеген шығын отбасы бюджетін қиын жағдайға әкелуі мүмкін. Қаржы сарапшысы Қуаныш Сапаев несие алу үрдісінің жиілеуін азаматтардың қаржылық шешім қабылдау мәдениетімен байланыстырады.

«Қазір адамдардың басым бөлігі несиені қажет нәрсеге емес, кей жағдайда кейінге қалдыруға болатын дүниелерге алады. Шыдамдылық жоқ. Бүгінгі күнмен өмір сүреді. Бұл – үлкен қателік. Өйткені мұндай шешімдер көбінесе ойланбай қабылданады», – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, қарыз көлемін есептемей қаржы міндеттемесін көбейту адамның кейінгі мүмкіндіктерін шектеуі ықтимал. Сондықтан несиеге дейін өз табысын, тұрақты шығынын және төлем қабілетін саралау қажет.

Мұнда «Қарызсыз қоғам» жобасының да мақсаты өзекті. Жоба аясында азаматтарға қаржылық сауаттылық бойынша білім беріліп, қарызды басқару, бюджет құру, несие міндеттемелерін реттеу мәселелері түсіндіріледі.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ