21 тамызда сағат 16:30-да Науырзым ауданы Қарамеңді ауылынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан “Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының” аумағындағы 50 гектар алаңнан өрт шықты деп хабарлайды облыстық ТЖД өкілдері.
Сол қорықтың аумағындағы тағы бір өрт ошағы сағат 16:57-де Шолақсай ауылынан 15 шақырым жерде де болған. Мұнда көлдегі құрғақ қамыс пен маңайындағы 10 гектар өріс шабындығындағы жалын әлі толастаған жоқ.
Үшінші өрт ошағы Қарамайшы бөлімшесінен 20 шақырым қашықтықта пайда болды. Қорық аумағында құрғақ шөптер мен орман алқаптары өртеніп жатыр. Өртті сөндіруге “Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының” ұжымымен қатар “Қазавиалесохрананың” өкілдері, Қостанай облысы ТЖД күштері және
ерікті өртке қарсы құралымдар жұмылдырылуда. Тартылған күштер мен өрт сөндіру құралдарының жалпы саны 86 адамды және 32 техниканы құрайды.
ТЖМ дағдарыстық жағдайларды басқару орталығында жедел штаб және облыстық жедел штаб жұмыс істейді.