22 мая, 2025
Науырзым ауданында «Мәз-Майрам» театры көрермендерге алғашқы қойылымын тарту етті

Науырзым ауданында «Мәз-Майрам» театры көрермендерге алғашқы қойылымын тарту етті

Сахнаға арқау болған Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасы  ене мен келін арасындағы отбасылық келеңсіздіктерді бейнелейді.

Қойылым көрермендерге отбасылық құндылықтар, сыйластық, ауызбіршілік туралы ой салып,  адам бойындағы жанашырлық пен мейірімділік қасиеттерді паш еткендей.

Негізгі мақсаты да  отбасылық қиыншылықтарды бірге шешіп, адамгершілікті сақтауға ой салу еді.

Театр өнері арқылы жастар мен үлкендерге халықтың дәстүрі мен мәдениетін насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолын таңдады.

«Міне,  бүгін  осы  сахна  төрінде  керемет бір  көріністің  куәсі  болғалы  отырмыз»  «Театр  тобырдан  халық  жасайтын  орын»  деген  ділмар  сөз  бар.  Шынымен  де,  кез  келген  ұлттың  руханиятын  сілкінтіп,  мәдениетін  қалыптастыратын  ең  ұлы  өнер  ордасы – театр сахнасы.  Ал  осы  киелі  өнерді  қолына  алып,  театр  үйірмесін  ашып,  сауапты  да  жауапты  қызметті  қолына  алған  Арай  Кентайқызына  алғысымыз  шексіз.  Барлық  осы  спектакльге  қатысып  жатқан  мәдениет  қызметкерлеріне  шығармашылық  табыс,  асқақ  абырой  тілеймін.  Әр  жаңа  қойылым  биік  белестерге  бастап,  әр  сомдаулы  рөл  зор  қошеметке  бөленсін  деймін», – дейді аудан әкімінің орынбасары Елдар Искаков.

Бұл жаңа бастама мәдениет пен өнерді халыққа жақындатуға, аудандардағы жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік бермек.

Театрдың әрбір қойылымы тек өнер ғана емес, халықтың рухани өміріне  әсер етіп, ұлттың мәдени болмысын сақтап, насихаттауды көздейді.

     Айтолқын АЙҚАДАМОВА  

Науырзым ауданы