Наурыз мерекесін арқалықтықтар да жоғары сән салтанатымен атап өтті

Наурыз мерекесін арқалықтықтар да жоғары сән салтанатымен атап өтті

Жер бетіне жылылық ала келген көктемнің жаймашуақ мезгілінде орталық «Наурыз» алаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, көңілді саз әуені ойнап, қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелік той-думанды көруге асықтырды.

Күн шуағын молынан төккен дала сахнасында ұлттық салт-дәстүрге негізделген театрландырылған қойылымдар еркіндік алып, «Ұмай ана», «Қызыр ата», «Жұлдызшы» сияқты кейіпкерлер ақ тілектерін айтып, әдет-ғұрып рәсімдерін жасап, жиналған жұртшылықты мерекелік көңіл – күйге кенелтті.

Қыс құрсауынан шығып, арқа-жарқа табысып, құшақ жая қауышқан барша қауымды қала әкімі Әмірхан Асанов төл мейрамдарымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Тамыры тереңге кеткен әз-Наурыз елдіктің, бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ұлы даланың биік рухымен халқымыздың тірлігі мен берекесінің көрінісі. Мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт-дәстүріміздің, тіліміз бен діліміздің өзегі. Қазіргі таңда Наурыз мейрамын тойлаудың басты мақсаты-қоғамды біріктіру, қазақ халқының ұлттық бірегейлігі мен иәдени ерекшелігін сақтау және насихаттау үшін жағдайлар жасау. Ол –жаңару идеясына негізделген мереке ретінде отбасы мен қоғамды біріктіретін құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Бұл халқымыздың болашаққа сенімін арттыратын, жас ұрпақты ата дәстүр негіздерінде тәрбиелейтін, кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің мерекесі», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов өзінің мерекелік құттықтауында.

Сахна төрінде қала мекемелері мен ұжымдарының және қала тұрғындарының арасында өткізілген байқаулардың қорытындысы жарияланып, қала әкімі «Үздік аула», «Үздік киіз үй» аталымдарының жеңімпаздарына жүлделі орындар мен сый-сияпаттарды салтанатты түрде табыс етті.

«22 наурыз- «Наурызнама» тұжырымдамасы бойынша «Жыл басы» деп аталды. Осы мерекеге арнап қаламыздағы төрт колледж бірігіп, арнайы киіз үй тігіп, келген қонақтарымызға дәм-тұзымызды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, өз ұжымымызбен «Жарапазан» жырын айтып, күй орындап, маңызды мерекенің шырайын аша түсудеміз», – дейді Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлхашима Қуандыққызы.

Киіз үйлердің сыртында ақ самаурыны қайнап, ішінде Наурыз көже ұсынылған ақ дастарханы жайнап, халқымыздың дәулетті тіршілігін, қонақжай пейілін кеңінен танытты.

«Биыл елімізде Наурыз мерекесіне зор мән беріліп, барлық іс-шаралар өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Алла елімізге амандық, тиыштық берсін», – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Ажаркүл Сейітжанова.

Ұлы күннің құрметіне сауда – саттық жәрмеңесі ұйымдастырылып, түрлі спорттық ойындар жанкүйерлерін жанына көптеп жинады. Жеңімпаздардың барлығына жүлделі орындар тағайындалды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу