Қостанайда Наурыз мейрамын атап өту тоғыз күнге жалғаспақ. Әр күнге атау беріліп, ерекше тойланады. Қалалық әкімдікте өткен аппарат жиынында 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі мен Наурыз мейрамын мерекелеу жоспары қаралды.
Қала әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов мерекелік жоспарға кеңінен тоқталды. Ол алдымен 8-наурызға арналған іс-шараларды атап өтті.
«Қалыптасқан игі дәстүр бойынша, мереке қарсаңында 6 наурыз күні Қостанай қаласының кәсіпорындары мен мекемелерінде қала әкімінің қатысуымен әйелдерді құттықтау жоспарланған. Сондай-ақ, «Мирас» мәдениет үйінде қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып жүрген әйелдерге арналып концерттік бағдарлама өтеді», – деді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов.
Мерекелік іс-шара бұнымен аяқталмайды, 7-8 наурызда Қостанай-2 ауданында, Дружба ауылында «Мирас» мәдениет үйі филиалдарының концерті болады. Облыстық театр сахнасында спектакльдер өтпек.
«8 наурыз күні сағат 15:00-де «Мираста» «Damubala» жобасының шығармашылық ұжымдары мен «Jas. Star. Kst» конкурсына қатысушылардың қатысуымен «Анаға тағзым» концерттік бағдарламасына барлық ниет білдірушілерді шақырады. Ал кешке, сағат 18:00-де мерекелік ретро би болады», – деді Мәжит Шүленов.
Наурыз мейрамын тойлау 14 наурыздан басталады. Наурызнама бойынша алғашқы көрісу күні балаларға арналған танымдық іс-шаралар өтеді. Облыстық қазақ театрында балаларға арналған «Армысың, әз-Наурыз!» іс-шарасы болады. Сондай-ақ, сити-орталықтағы сахнада «Амал келді, Жыл келді!» іс-шарасы өтпек. Күн райы ыңғай танытпаса «Мирас» мәдениет үйіне көшіріледі.
«15 наурыз – Қайырымдық күні. Бұл күні өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсете отырып, «Қайырымды ұлт» қайырымдылық акциясы — әлеуметтік марафон іске қосылады. Айта кету керек, биыл Наурыз мейрамы мұсылмандар үшін қасиетті ай – Рамазанға түседі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қаланың барлық бей-жай қарамайтын тұрғындарына мемлекеттік мекемелермен бірге осы қайырымдылық акциясына белсенді қатысуға шақырамыз», – деді ол.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болса, наурыздың 17-сі Шаңырақ күні тойланады. Ал 18 наурыз – Ұлттық киім күніне арналып отыр. Береке күні, яғни 19 наурызда «Бауырсақ шашу» акциясы өтпек. Сауда үйлері, кафелер, мейрамханалар мен мекемелер өз қонақтарына бауырсақтар ұсынатын болады.
«Қонақжайлы Қостанай» акциясы аясында қала қонақтарын әуежайдан және темір жол вокзалынан бауырсақ, наурыз көже және музыкалық нөмірлермен қарсы алатын боламыз. Киіз үйлер тігілетін болады. Жиырмасыншы наурыз – Ұлттық спорт күні. Шағын аудандардағы мектептер мен спорт нысандарында ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өтеді», – деді қала әкімінің орынбасары.
Ынтымақ күні 21 наурызға келіп тұр. Бұл күні қаладағы көптеген аулада «Наурыз думан» фестивалі болады. Бүгінде 16-ға жуық мүлік иелерінің бірлестігі мен пәтер иелерінің тұтыну кооперативі қатысуды жоспарлап отыр. Ал нақ 22-наурыз – Ұлыстың ұлы күні қала орталығында аталып өтіледі.
«Осы жылы қалада Наурыз мерекесі алты жерде ұйымдастырылады. Яғни, облыс әкімдігі ғимаратының алдында, Әуежай ауданындағы «Керуен» саябағында, Юбилейный ауданында «Kostanay Plaza» СОО, КСК ауданында «Жастар» бульварында, Қонай және Дружбада. Бұл орындарда өткен жылдағыдай 40-қа жуық киіз үй тігіледі. Орталық алаңда 26 киіз үй орнату жоспарлануда. Киіз үйлерде қостанайлықтар мен қала қонақтары қазақ халқының тұрмысымен және мәдениетімен таныса алады. Түрлі жарыстарға қатысып, «Жілік сындыруға» куә бола алады. Дәстүр бойынша, таңертеңнен бастап Алтынсарин көшесінде 70-тен астам кәсіпкер сауда-саттық жасайды. Сағат 11.00-де орталық алаңда облыс әкімдігінің алдында «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекенің тарихы мен философиясына арналған іс-шара басталады. Оған білім беру ұйымдарының, облыстық филармонияның, қазақ театрының, Қазақстан халқы Ассамблеясының және «Мирас» МҮ шығармашылық ұжымдары қатысады», – деді Мәжит Шүленов.
Бас-аяғы осы күндері түрлі форматтағы 70-ке жуық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Қала әкімі Марат Жүндібаев әр іс-шараны сапалы өткізу керектігін айтты.
«Алдымен 8-наурызды атап өтеміз. Қалалық әкімдіктің жоспарлы концерттік бағдарламалы болады. Мұның сыртсында, кәсіпорындар мен ұйымдар мекемеде жұмыс істейдін қыз-келіншектерді өз іштерінде құттықтағандары дұрыс болады. Ал, басты мейрамдардың бірі – Ұлыстың ұлы күніне ерекше мән беру керек. Қалада тоғыз күн бойына түрлі іс-шаралар жоспарланған. Әр күннің өзіндік ерекшелігі, мәні бар. Бұл мейрам ынтымаққа, сыйластыққа, бірлікке шақырады. Сол себепті, баршамыз сәтті өтуіне атсалысуымыз керек. Ынтымақ күні 21 наурызда «Наурыз думан» фестивалі болады. Он алтыға жуық мүлік иелерінің бірлестігі мен пәтер иелерінің тұтыну кооперативі қатысуды жоспарлап отыр екен. Бұл аз. Әлі де бұл бағыттағы жұмысты жалғастырыңыздар. Бірақ күштеп қатыстыру жоқ. Бірін-бірі танымайтын көршілер бар. Осы күні көрісіп, танысуға жақсы себеп. Қосымша қаржы да қажет емес. Үйде бар тағамдармен де атап өтуге болады», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Сералы МЫРЗАБАЙ