Бүгін елімізде Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге арналған іс-шаралар ресми түрде басталды. Мәдениет ошақтары мен білім беру мекемелері және кітапханаларда әртүрлі мазмұндағы кештер өтуде. Республика халқы бірін-бірі Көрісу күнімен құттықтап, төс қағыстырып, ізгі тілектерін арнауда. Қостанай облысының орталығында қандай мерекелік шаралар басталды? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Қостанай қаласында жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен екі байқау жарияланды. Біріншісі «Наурыз әр аулада» деп аталады. Оған қатысу үшін жиырмадан астам тұрғын үй иелері ұйымдары (МИБ, кондоминиум) өтініш білдірген. Конкурстық комиссия 3 жүлделі және 7 көтермелеу орындарының иелерін анықтайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталады. Бұл байқау 21-наурызда көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында өтеді. Екіншісі «Қостанай қаласындағы Наурыз мейрамының Үздік киіз үйі» деп аталады. Байқау 22 наурыз күні қаланың орталық алаңында өтпек. Орталық алаңда орнатылған барлық киіз үйлер байқау қатысушылары болып саналады. Үш жүлдегер анықталады. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталады. Басқа қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен беріледі. Аталған екі байқаудың марапаттау рәсімі мереке күні облыс әкімдігі алдындағы сахнада өтеді.
– Қостанай қаласында мерекелік ахуалды қалыптастыру үшін қаланың басты көшелері мерекелік баннерлермен, кішігірім архитектуралық объектілермен безендіріледі. Сити-орталықта «Шаңырақ» және «Жеті қазына» инсталляцияларын орнату жоспарлануда. Шаңырақ – үй ошағының белгісі, ұрпақ жалғасының белгісі. «Жеті қазына» қазақ халқының дүниетанымында ерекше орын алады. Бұл инсталляциялар облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары үшін фото-аймақ ретінде тұрақты негізде қалады,-деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Қазез.
Мереке күні қалаға дәстүрлі түрде елдің басқа аймақтарынан және жақын шетелден көптеген қонақтар келеді. 22-наурызда Қостанай қаласының әуежайына Алматы, Мәскеу, Астана қалаларынан рейстер келеді және сол борттар кері бағытта ұшады. Әуе жолаушыларының жалпы саны шамамен 1000 адамды құрайды деп болжануда. Бұл күні теміржол вокзалы арқылы 10 жолаушылар пойызы өтеді. Жалпы жолаушылар ағыны шамамен 2500 адамды құрайды. Мерекелік ахуал құру және позитивті эмоциялар қалыптастыру мақсатында Қостанай қаласының әуежайы ғимаратында ұлттық безендіру элементтері бар жартылай киіз үй орнату, Наурыз мейрамымен құттықтау фотоаймағын ұйымдастыру, сондай-ақ жолаушыларға бауырсақтар мен наурыз көжеден дәм тәтуді ұйымдастыру жоспарлануда. Теміржол вокзалының перронында фотоаймақ, көрме, ұлттық тағам түрлерінен дәм тәту үшін киіз үй орнатылады.
Биылғы жылдың басты ерекшелігі де осы, мерекелік іс-шараларға Әуежай мен темір жол вокзалы биыл алғаш рет қатысуда. Мәрекелік кештерде жергілікті өнерпаздар өнер көрсетеді. Басқа қалалардан танымал өнер жұлдыздары шақырылмайды. Қала аумағында барлығы 40-қа жуық киіз үй орнатылады деп болжануда.
Ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар Байтұрсынов көшесі бойында өтеді (көркемсурет мектебінен ҚӨУ шекараларында). Әрбір ниет білдіруші 9 ұлттық спорт түрі және ойындары бойынша жарыстарға қатыса алады: тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, садақ ату, аудараспақ, арқан тарту, гір көтеру, армрестлинг (қол күресі), қойөтеру.
– Барлық іс-шаралар қазақстандық қоғамның бірігуіне, патриотизмді нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және дәріптеуге, қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік ахуал құруға қызмет етуі тиіс. Өйткені, Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – еліміздегі бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру, – деді брифинг спикері Қайрат Қазез.
Қымбат ДОСЖАНОВА