Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде диплом табыстау рәсімінің салтанатты іс-шарасы қалың қауымға жылулық сыйлады.
Биыл колледж қабырғасынан 5 мамандық бойынша 6 топтан 116 түлек қанат қақты.
Түлектерді колледж директоры Руслан Елікбайұлы құттықтап, қадамдарына сәттілік тіледі.

Қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан түлектер және олардың ата — аналары қала әкімінің, мәдениет және спорт салаларының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жылы лебіз, ақ тілектерге колледждің қамқоршылық кеңесі сондай – ақ, әлеуметтік серіктестері мектеп, балабақша басшылары да үн қосты.
Немересінің жақсы жетістікке жеткеніне көңілі шат болған жандардың бірі Екідің ауылының тұрғыны Қайныкеш Дүйсенбай.

«Мен колледж қабырғасында оқып, бастауыш сынып мұғалімі біліктілігін алып жатқан қызыл диплом иесі Гүлназ Әбнұрдың әжесімін. Немереме жақсы үздік білім, өркенді тәлім – тәрбие берген ұстаздарына зор алғысымды білдіремін. Балаларымыздың алып жатқан дипломдары құтты болсын. Әрдайым өмірде жолдары болып, алған білімдерінің жемісін көрсін», – дейді жас түлектің әжесі.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
