Облыс басшысы Құмар Ақсақалов Қостанай ауданына жұмыс сапарымен барды. Бірнеше әлеуметтік нысанды және өндіріс орындарын аралап, кейін аудан тұрғындарымен кездесті. Өзекті мәселелерге ден қойылып, өңірдің дамуына серпін беретін жобалар талқыға алынды.
Қостанай ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсара түскен. Облыстың барлық өңіріне тән төмен көрсеткішке ие ауыл шаруашылығын есепке алмағанда, бүкіл салада жоғары нәтижеге қол жетіп отыр. Бұл жөнінде тұрғындармен кездесу кезінде аудан әкімі Берік Таңжарықов жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың қорытынды есебінде мәлімдеді.
Ол құрылыс, сумен қамту, елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жобалардың жүзеге асу барысын егжей-тегжейлі баяндады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы тың жобаларға ерекше ден қойылды. Мәселен, қазір ауданда екі бірдей сүт-тауар фермасы салынуда. Осы бағыттың маңыздылығын облыс әкімі де айырықша атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі 70 пайызға дейін жетуі тиіс. Әсіресе, мал шаруашылығына ерекше назар салу керек. Мойындау керек, бізде бұл сала барлық көрсеткіш жағынан құлдырап кетті. Сондықтан бүгінгі міндетіміз – сүт-тауар фермаларын салу. Аудан әкімдеріне жыл ішінде кемінде он ферма пайда болуы керек деген тапсырма берілді. Қазір мемлекет мал шаруашылығымен айналысамын деген шаруаларға жақсы қолдау көрсетіп жатыр. Айталық, құрылғы, техника сатып алуға, құрылысқа субсидия бөлінуде. Кәсіпорын іске қосылған күннің өзінде шығынның жартысын мемлекет өз мойнына алады», – деді Қ.Ақсақалов.
Ол облысқа шетелден аса көп көлемде азық-түлік әкелінетіні үлкен сын екенін, бәрі өзіміз өндіруге қауқарлы екенімізді сөз етті. Оның айтуынша, облыс орталығына ең жақын орналасқан Қостанай ауданында дәл осы сала кенжелеп тұр. Өйткені он-ондап саналатын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының небары төртеуі ғана мал шаруашылығымен айналысады. Өңір басшысы осы олқылықтың орнын толтыруды тапсырды.
Тағы бір маңызды мәселе – тұрғын үй құрылысы. Жалпы, биыл облыста осы саланы қаржыландыру көлемі 9,4 пайызға артқан. Алдағы бес жылда 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 23 мың пәтер салу көзделіп отыр. Оның ішінде Тобыл қаласындағы «Астана», «Бәйтерек» ауданында 49 үйді пайдалануға беру жоспарда.
Аудан басшысының мәліметіне сүйенсек, аудан көлемінде басыбайлы баспанадан үмітті 52 мыңнан астам салымшы бар екен. Құрылыс дегеннен шығады, бүгінде аудандық емхана салынып жатыр. Б.Таңжарықов өңір басшысынан алдағы жылы осы мекемеге медициналық құрылғылар сатып алуға қаржы бөлуді сұрады.
Кездесуге келген тұрғындар тарапынан да сұрақ, өтініш-тілектер аз болмады. Мәселен, диқаншылықпен айналысатын кәсіпкерлердің бірі облыс әкімінен қолайсыз ауа райынан сапасына қатты нұқсан келіп жатқан егін ору мәселесіне мықтап ден қоюды өтінді.
Облыс әкімі бұл қиыншылықтың ұдайы басшылық назарында екенін айтып, бірер күнде өңірге премьер-министр келгелі отырғанын, кездесу кезінде осы мәселе көтерілетінін жеткізді.
Тұрмыстық түйткілдерден титығы шыққан тұрғындардың арыз-шағымдары көп болды. Бірі Самир ауылында электр энергиясы әлсін-әлсін сөніп қала беретінін, енді бірі Жамбыл ауылында су негізсіз тоқтатылатынын және оның сапасы сын көтермейтінін жарыса айтты. Аудан әкімі қоңсылас қос ауылдың мәселесінен хабардар екен, таяу болашақта олқылықты жоюға уәде етті.
Екі сағаттай уақытқа жалғасқан жиында сан алуан сауал-сұрақ қойылып, билік өкілдері жан-жақты жауап беріп, қай мәселенің де өз мерзімінде шешімін табатынына сендірді. Облыс әкімі тұрғындарға рахметін айтып, билік пен халық арасындағы мұндай диалог аудан мен облыстың дамуына оң ықпал тигізетінін тілге тиек етті.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев