Моңғолия астанасы Ұланбатырда ересектер арасындағы Азия чемпионатының финалдық бәсекесі өтіп жатыр. 80 келідегі Надежда Рябец шешуші кезеңде Өзбекстан спортшысы Рухшона Парпиевамен күш сынасып, жеңімпаз атанды.
Отандасымыздың басымдығы алғашқы раундтан білініп, шеберлік жағынан айқын басым болды. Нәтижесінде төрешілер 5:0 есебімен жеңісті бір ауыздан Надеждаға берді.

«Жеңіс оңайлықпен келді дей алмаймын. Қарсыласты елемеуге болмайды. Жекпе-жек өзім ойлағаннан ауырырақ болып шықты. Бірақ, шамасы, өзім рингте жинақырақ болсам керек. Соның арқасында төрешілер үш раундта басымдықты маған берді. Қарсыласым да жақсы дайындықпен шыққан, алайда ол аздық етті, өйткені Рухшона жастар құрамасынан ауысқаны енді ғана. Ал мен көп белесті артта қалдырып үлгердім, сондықтан тәжірибе жеңді. Мен үшін алғашқы раунд қиынға соқты, ал қарсылас үшін, меніңше, соңғы айналым ауыр болған сияқты», – дейді жерлесіміз.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы 80 келі салмақта небары үш боксшы шаршы алаңға шықты. Надежда әуелі индиялық қарсыласынан басым түсті. Ал Рухшона Парпиева бірден финалға өтіп, турнирдегі алғашқы да соңғы жекпе-жегінде сәтсіздікке ұшырады.
Естеріңізге салайық, 25 жастағы Надежда Рябец Қостанай облысының тумасы. 2020 жылғы Олимпиадаға қатысқан жалғыз әйел боксшы. 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ жастар арасындағы әлем және Азия чемпионы, жастар Олимпиадасының жүлдегері атанған. Мансабында салмақ ауыстырып, жоғарылатып үлгерді. Бір кездері спорттан қол үзіп, кейін боксқа қайта оралды. 2026 жылы Надеждамыз Болгарияда өткен Странджа кубогінің «кіші әлем чемпионатын» жеңіп алған еді.
Ал енді әйелдер арасындағы осы турнир қорытындысына келсек, Қазақстан 5 медаль жеңіп алды. Дина Исламбекова (+80 кг) мен Надежда Рябец (80 кг) алтын медаль иеленсе, Бақыт Сейдіш (70 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Айгерім Саттыбаева (48 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) қола жүлдегер атанды.
10 сәуір күні ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектер өтеді. Турнирдің алтын жүлдесі үшін Қазақстанның бес боксшысы шаршы алаңға шығады.
