Мықты ерік-жігердің үлгісі

Мықты ерік-жігердің үлгісі

Аманкелді Имановтың 150 жылдығы мен ауданның құрылғанына 95 жыл толуына орай кептеген іс-шара өтті. Соның бірі – Атбасар-Аманкелді бағытындағы және Қостанай велоқауымдастығы облыста ұйымдастырған велошеру. Шайтанарбашылардың қатарында Алматы қаласынан арнайы келген 78 жастағы велошабондоз да бар.

 

Атбасардан Аманкелдіге

Атбасардан арнайы келген велошеруді ұйымдастырушы, белгілі журналист, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Ернат Мелсұлының айтуынша, олар 4-ші қыркүйек күні шығып, 500-ге жуық шақырым жүріп өткен.

– 2018 жылдан бастап республикалық деңгейдегі велошерулерді ұйымдастырып келемін. Биыл Аманкелді Үдербайұлына арнайы 4-ші қыркүйек күні сағат таңғы 10:00-де Ілияс Есенберлиннің туған жерінен жолға шықтық. Бірінші күні Ақмола облысы Жақсы ауданына қарасты Қима ауылына жетіп, 65 шақырымды артқа тастадық. Екінші күні Жарқайың ауданының орталығы Кенесары қаласына кірдік. Жүргеніміз – 129 шақырым жол. Үшінші күні Қостанай облысының аумағына өтіп, Арқалық қаласына кірдік. Ол қашықтық – 111 шақырым. Келесі күні 87 шақырымды еңсеріп, Тасты ауылына жеттік. Ал соңғы бесінші күні, яғни, 8-ші қыркүйекте 85 шақырымды өтіп, Аманкелді ауылына жеттік. Бес күн ішінде кемінде біз 470 шақырым жол жүріппіз. Желге қарсы жүріп, біраз техникалық қиындықтарға тап болдық. Арамыздағы кейбір қатысушылардың доңғалағы жарылып, менің жүк салғышым сынып кеткен жағдаяттар болды, – дейді ұйымдастырушы Ернат Мелсұлы.

Сонымен қатар велошеру кезінде туындаған қиындықтардың бірі – ауа райының қолайсыздығы. Жаңбыр, жердің батпақ болуы біраз сарсаңға салған. Тіпті көліктердің өзі әрең жүретін шұрық-тесік жолдармен жүруге де мәжбүр болған. Дегенмен батырға деген құрмет пен алға қойған мақсаттары қиындықтарды еңсеруге күш берген. Қатысушылардың ішінде 78 жастағы Түгелбек Қасымов та бар. Ол ардагер ұстаз, математика пәнінің мұғалімі, 2016 жылы «Атом қаруына жол жоқ!» деген ұранмен Жапонияға велосипедпен барған. Еліміздің түкпір-түкпірін және әлемнің қырыққа жуық елін велосипедпен шарлап шыққан.

– Аманкелді Иманов барша қазаққа ортақ тұлға. Оның есімі адақталып, 150 жылдығы тойланып жатқаны батырға деген үлкен құрмет. Қасиетті Тобыл-Торғай өңіріне барған қатысушылардың барлығы дерлік Астана қаласынан. Өзім Алматы қаласының тұрғынымын. Маған арнайы ұсыныс жасаған соң ойланбастан велосипедке отырдым. Осыған дейін 2021 жылы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай Астана-Қостанай бағытында 750 шақырымдық велошеруге қатысқанмын. Мұндай велошерудің алдағы уақытта бола беруіне тілектеспін. Себебі осылайша жастарға үлгі болып, олардың саламатты өмір салтын ұстанып, спортқа бет бұруына үлкен септігімізді тигіземіз, – дейді Түгелбек Қасымов.

Атбасардан шыққан спортшыларға «Дринкит», «Romeo» flowers», «AKM Almaty floor» компаниялары қаржылай демеуші болып, Ақмола, Қостанай облыстарының әкімдіктері, «Амангелді Иман» қоғамдық қоры қолдау көрсеткен.

 

Сегіз сағатта жүріп өтті

Қостанай облыстық велоқауымдастығының ұйымдастырған велошеруге 29 адам қатысқан. Оның ішінде 19 адам қауымдастық мүшесі. Ең кіші қатысушы – 18 жаста.

– Қатысушылар Астана, Алматы, Ақтөбе, Арқалық, Әулиекөл, Аманкелді, Қостанай, Лисаков, Рудный қалаларынан келді. Оларды командалық киіммен жабдықтау және өзге де мәселелерді «Қостанай» велоқауымдастығы» ҚБ басшылығы мен мүшелері шешті. Торғай елі алғаш рет осындай көптеген әуесқой велошабандозды кездестірді.  Көрнекті халық қаһарманын еске алу құрметіне еліміздің қалаларынан келген велоспорт әуесқойларының біртұтас командасы Торғай-Аманкелді 150 шақырымдық маршрутты 8 сағатта жүріп өтті. Тіпті табиғаттың өзі тосын мінез танытпады. Бүкіл жол бойында күн ашық және желсіз қолайлы ауа райы болды. Бізді барлығы жақсы қарсы алып, жоғары деңгейде құрмет көрсетті. Командамыз велошеруді келеңсіз оқиға және шығынсыз аяқтады.  Бұл жүйелі жаттығулардың және өмірлік қиындықтарды жеңуге дайын болуға ұмтылудың нәтижесі, – дейді велоқауымдастығының төрағасы Қанат Сағынбаев.

Осылайша қаншама шақырым жол жүріп, мықты ерік-жігердің үлгісін көрсеткен спортшыларды бейбіт күннің батырлары деп айтсақ та жарасатын секілді.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу