Облыстық білім басқармасы журналистер үшін қосымша білім беру ұйымдарының жанынан құрылған жазғы лагерьлерге пресс-тур ұйымдастырды.
БАҚ өкілдерінен құралған топ алдымен балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектебінде болып, балалардың қолдарынан шыққан ұшақ, роботтарды көрдік.
Демалыс басталса да, шығармашылық мектептің іші толған бала. Олар мұнда робот, ұшақ, кеме жасауды үйренуге келген.
Бастауыш техникалық модельдеу және құрастыру үйірмесі шеберлік сыныбын өткізді.
“Мынадай керемет студияда жұмыс істейді. Шығармашылық мектепке жазылуға ниет еткен ұл-қыздар легі толастар емес. Күзге дейін бір шешімге келеді деп ойлаймын. Көріп отырғандарыңыздай, қағаздан ұшақ жасап жатырмыз. Биыл жаз біздің тәрбиеленушілер үшін көңілді әрі сәтті өтсін”, – дейді тәжірибелі маман Елена Онегина.
Мұнан кейін бізді ұшақ, робот құрастыру кабинеттеріне алып келді. Мақтанарлық жетістері де баршылық екен.
Мектептің бір қабырғасы балалардың қолынан шыққан дүниелері мен алған марапаттары ілулі тұр.
“Қашықтықтан оқу кезінде осында келіп айналыса бастадым. Бесінші жыл айналысамын. Басында хобби ретінде келіп жүрдім. Артынан осы жерден өзімді таптым. Жаңа қырымнан танылдым. 2021 жылы елімізде өткен квадракоптерді ұшырудан чемпионатта чемпион атандым. Авиа модельдеу зертханасында ракета, ұшақтарды құрастыруды үйреніп жатырмыз”, – дейді Илья Дуник.
Мұнан кейін орталықтағы қалалық балалар шығармашылық мектебінде болдық. Ғимарат сыртында бірнеше бала уақыттарын көңілді өткізуде. Соның бірі – Махаббат Қалмағамбетова. Ол мұнда «Алтынай» үлгі халықтық би ансамбліне барып жүргеніне бес жыл. Енді ол бос уақытын осында өткізбекші.
“Биге мені анам әкелген еді. Күнде түрлі бағдарламалар ұйымдастырылып жүр. Маған ұнайды. Білім ұясы бірнеше жылдан бері қала аумағында мектеп оқушыларын жайлы лагерьмен қамтуда бірінші орында тұр. Алғашқы маусымның ашылу салтанатында балаларға ерекше көңіл күй сыйлады. Лагерь кезінде түрлі сауықтыру бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылып, балаларға естен кетпестей көңіл-күй сыйлауға шынайы ықыласын салуда. Лагерьге мектеп оқушылары ерекше құлшыныспен келіп, өздерінің жазғы демалысын көңілді өткізуде. Бұған ата-аналар да, мектеп ұжымы да ерекше қуанып жатыр. Біз үшін балалардың қуанышынан артық ештеңе жоқ”, – дейді Әсем Азаматқызы.
Облыстық білім басқармасының берген мәліметінше, бүгінгі таңда 746 мектеп жанындағы лагерь ашылды. Оның 324-і ыстық тамақпен 94 мыңнан астам баланы қамтып отыр. Биыл қала сыртындағы 11 лагерь жұмысын бастады. Тоғыз мыңнан астам бала қамтылады деп күтілуде. Қала сыртындағы 7 лагерь санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қорытындысын алды. Екі лагерь («Достық» және «Солнечный») жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін тапсырылады. Бүгін «Болашақ», «Шағала», «Бүркіт» және «Құрылысшы» лагері ашылды.
Мектеп жанындағы лагерьлер жұмысы маусымның үшінен басталды.
«Балалардың жазғы уақытын тиімді өткізу мақсатында әртүрлі жоспарлар құрылды. Биыл мың баланы Науырзым қорығына саяхатқа жіберіп жатырмыз. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға «Хотико» оңалту орталығында демалуды бастады. Қазір Жанкелдин, Лисаков қаласының жеткіншектері демалуда», – облыстық білім басқармасының тәрбие жұмысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қаламқас Қаратаева.
Айта кету керек, білім беру ұйымдарында өткен жиналыстарда балалардың қауіпсіздігі, ата-аналардың жауапкершілігі туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Балалардың өзен-суларға ересектердің қарауынсыз бармауы, сондай-ақ қоғамдық орындардағы өзін-өзі ұстау ережелері түсіндірілді. Балаларды сауықтыру, бос уақыттарын ұйымдастыру орындарында өртке қарсы қауіпсіздік шаралары, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қатаң қадағаланатын болады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Мадина АКЕШОВА,
ҚӨУ студенті