Біздің облыста 9 музей бар. Жалпы сомасы 359,5 млн теңгеге музей залдарына жөндеу және реэкспозиция жүргізілген. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов кеңейтілген алқа отырысында айтты. Тарихи-мәдени мұра обьектілері туризмнің көзі бола алады. Осы мақсатта мәдениет басқармасы тың жобаларды қолға алмақшы.
Қолөнершілікті дамыту үшін облыстық тарихи-өлкетану музейі жанында «АRT-орталық – қаланың мәдени кеңестігі» жобасын дамытпақ. Қазіргі уақытта дизайны әзірлену үстінде. Сонымен қатар халықаралық ғылыми қоғамдастықта тарихи маңызы бар Қостанай өңірінің имиджін терең зерделеу және арттыру мақсатында елдің және әлемнің жетекші археологтарын тарта отырып, Торғай иілуінің геоглифтерін зерттеп, таныта түспек.
“Қазақстанда табылған 128 геоглифтің 110-ы біздің облыстың аумағында орналасқанын ескеру керек. Болашақта жоба ішкі және сыртқы туризмді дамытудың негізгі драйвері бола алады”, – деді басқарма басшысы.
Алқа жұмысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали мәдениет саласын дамытудың өзекті мәселелеріне тоқталып, нақты тапсырмалар берді.
“Біздің облыста музейі жоқ аудандар бар. Өз алдына жеке ғимарат салмасаңыздар да мазмұны бай музей ашу керек. Осыны ескеріңіздер. Музей – тарихи орын. Ол жастарға патриоттық тәрбие береді. Тағы айта кететін мәселе – келушілердің саны. Мысалға айтар болсақ, облыстық тарихи-өлкетану музейінде 236 мың келуші болған. Оның 18 пайызы –балалар. Лисаковта – 14, Жанкелдинде – 10 пайыз. Біз музейге ең алдымен балаларды тартып, қызықтыруымыз керек. Мектеп оқушылары жылына екі рет болса да музейге барып, туған жердің тарихын білулері керек деп ойлаймын”, – деді Ринат Зәкиұлы.
Сонымен қатар музей ісін дамыта түсу үшін естелік заттарды қосымша сату қажет деген ойын да білдірді. Алқалы жиында мәдениет және өнер саласын дамытуға қосқан үлестері үшін мәдениет ұйымдарының қызметкерлері төс белгілермен, алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, «Рухани қазына-2023» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары дипломдар мен сертификаттар алды. Алқа отырысы түстен кейін секциялық жұмыстармен жалғасты.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев