Мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік арнайы порталда қызметтерді өз беттерінше таңдай алады

Мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік арнайы порталда қызметтерді өз беттерінше таңдай алады

Соңғы жылдары әлеуметтік-­мемлекеттік қызмет алудың жолы жеңілдегенін байқаған шығарсыз. Өйткені, басым көпшілігі электронды форматқа ауысты.

Енді мүгедектігі бар адамдар да өздерінің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік қызметтер порталында оңалту құралдары мен қызметтерін өз беттерінше таңдай алады. Бұл жаңашылдық қағазбастылықтан құтылу, уақыт үнемдеу және мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету үшін жасалуда.

Қостанайда eGov.kz порталы арқылы өтініш беру, үйде отырып-­ақ маңызды құжаттар мен анықтамаларды алу және электронды цифрлық қолтаңбаны пайдаланудың әдіс­-тәсілдерін үйрететін орталық бар. Ол «Ten Qogam» деп аталады. Орталықтың қызметі жайлы бұған дейін әлденеше рет жазғанбыз. Ал, бүгінгі мақаламызда Қостанай қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік-­мемлекеттік қызметтерді алудағы белсенділігі және онлайн қызметтердің кемшіліктері туралы баяндаймыз.

Қостанай облыстық мәслихатының сегізінші шақырылым депутаты Аруна Жақсағұлованың есімі қалың оқырманға ертеден таныс. Кейіпкеріміз облыстық мәслихатта әлеуметтік салаға жауапты депутат. Он тоғыз жылдан бері тірек­қимыл аппаратының қызметі бұзылған мүгедектерді қолдауға арналған “Үміт-Надежда” қоғамдық бірлестігін басқарып келеді. Осы саланың барлық проблемаларына қанық адам.

– Қазіргі заманда барлық қызмет түрі электронды нұсқаға ауысып жатыр. Оның артықшылығымен қатар, кемшілігін де ұмытпау керек. Жақсы тұсы мекемелердің табалдырығын тоздырып, қажетті құжаттардың соңына түспейсіз. Порталдың көмегімен үйден шықпай-­ақ анықтаманың бәрін электронды форматта аласыз. Мүгедектерге қажетті құрал-­жабдықтар, гигиеналық заттарға дейін сайт арқылы тапсырыс беруге болады. Өзіңе ұнаған затты таңдап аласың. Мәселен, тапсырыс берген жандар арбасының сапасы көңілден шықпаса, оны портал арқылы кері қайтарып жіберуге болады. Ал, кемшілігі ауылдарда анық сезіледі. Өйткені, шалғайдағы елді мекендерде интернет жылдамдығы баяу немесе мүлде жоқ. Ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандар цифрландырудың мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отыр. Кейбірі электронды порталды қолдануды білмейді. Біз, осы соңғы айтылған олқылықтың орнын толтыру үшін үш жыл бұрын «Ten Qogam» орталығын аштық. Жоба аясында мүгедектерді мемлекеттік-­әлеуметтік қызметтерді онлайн режимде алуға үйретеміз, – дейді Аруна Жақсағұлова.

Қостанай қаласындағы «Ten Qogam» орталығының мамандары кез келген адамға мемлекеттік­әлеуметтік қызметтерді онлайн режимде алуға көмектеседі. ХҚКО-­на бармай-­ақ ЭЦК алуды, оны жылына бір мәрте жаңартуды, портал арқылы өтінім беруді, анықтама алуды оқытады. Былтыр барлығы 800-ден астам қызмет көрсетіпті. Биылғы наурыз­-маусым айлары аралығында 14 мүгедектің жұмысқа тұруына жәрдемдесіп, заң тұрғысынан кеңес беру бойынша 60 қызмет, психологиялық кеңес беру бойынша 54 қызмет көрсетілген. Жыл басынан бері 287 адам «Ten Qogam» орталығына жүгінген.

Мұнда мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-­аналар да оқи алады. Жұмыс іздеу, түйіндеме дайындау үлгілерін де көрсетеді. Осы мақсатта компьютерлік курстар бар. Келушілер бір апта компьютерлік сауаттылықты оқып, келесі аптада портал, eGov.kz арқылы жұмыс істеу тәсілдерін меңгереді. Бұдан бөлек, облысымыздағы қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту бөлімдерінде өзіне­-өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмыс істейді. Онда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары порталды пайдалану жөнінде консультациялық көмек береді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласып, тақырып туралы мынадай мәлімет алдық. Айтуларынша, енді мүмкіндігі шектеулі жандар да әлеуметтік қызметтер порталында оңалту құралдары мен қызметтерін өз беттерінше таңдай алады. Егер, интернет байланысы болмаған жағдайда қызмет алушы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне, халықты жұмыспен қамту орталығы немесе жұмыспен қамту бөлімдерінің өзіне-­өзі қызмет көрсету секторына жүгінеді.

Бүгінде цифрландыру тренді барлық саланы қамтуда. Жылдамдық, уақыт үнемдеу тұрғысынан цифрландырудың пайдасы ұшан теңіз екені даусыз. Ал, оның сапасы бөлек әңгіме.

 

Жаңалықтармен бөлісу