«Міржақып» драмасы сахналанды

 «Міржақып» драмасы сахналанды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрына арнайы бас сұғып, өнер ордасының тыныс-тіршілігімен танысты.

Театр директоры Асхат Зауатбек облыс әкіміне театрдың жұмысы мен осы маусымда көрерменге жол тартып жатқан жаңа қойылымдар жөнінде баяндады.

Аймақ басшысы алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Міржақып» драмасының жабық қойылымын тамашалады.

Кезінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Ерсайын Төлеубай сахналаған спектакль араға 11 жыл салып көрерменмен қайта қауышып отыр.

ХХ ғасырдың басындағы алмағайып кезеңдегі тарихи оқиғаларды арқау еткен қойылым ұлт азаттығы үшін арпалысқан Алаш арыстарының жанкешті тағдырын, осы кезеңде жарыққа шыққан «Оян, қазақтың» қырда қамсыз жатқан халыққа түскен сәулесінен қорыққан большевиктік биліктің солақай саясатын көрерменнің көз алдына дәл сол кездегідей шынайы жеткізеді.

Саяси бояуы қанық тарихи-трагедияның бас кейіпкері – Міржақыптың бейнесін актер Нұрлан Байшин, Алаш алдаспанының аяулы жары Ғайнижамалды талантты актриса Диана Тұрсынова, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын көп қырлы сахнагер Қабдол-Мәжит Иманов сәтті сомдап шықты.

Белгілі актер Азамат Чукеев шебер ойнап шыққан Филипп Голощекиннің бейнесі арқылы зал толы көрермен «кіші төңкеріс», «ұжымдастыру» деп ұрандатқан қызыл жалаулы зұлмат дәуірдің ызғарын анық сезінгендей болды.

Театр актері Нұрлыбек Кенжеахметовтың сомдауында аса шынайы шыққан есімі беймәлім жалтақ, надан, екіжүзді кейіпкерді сол кездегі қызылкөз шолақ белсенділердің типтік бейнесі деп түсіндік.

Драмалық қойылымның шырқау шегі – абақтыда жатқан Міржақыптың Ахметпен бақұлдасуы, Ғайнижамалмен қоштасуы дер едік.

Осы тұста Міржақып, Алаш арманын ұрпаққа аманат етіп, кіндік қаны тамған Қызбелімен, қалың елмен қоштаса келіп, бүтін алаш жұртының ұранына айналған «Оян, қазақ» өлеңін оқиды.

Аса ауыр азалы әуеннің сүйемелдеуімен оқылған өлең көрерменнің көзіне жас үйіріп, аза бойды қаза қылғандай күй кештіреді.

Қойылым аяқталған соң зал толы көрермен өнерпаздарды сахнадан жібермей, қошеметке көміп қол соғып тұрып алды. Аймақ басшысы театр ұжымына ықылас гүлін табыс етті.

«Белгілі режиссер, осы театрда өшпес қолтаңбасын қалдырған Ерсайын Төлеубайдың өзі жазып, өзі сахналап кеткен қойылым. Ол кезде Міржақыпты Қонысбек Бегайдаров ойнаған. Қазір Нұрлан Байшин жақсы алып шықты. Жалпы, спектакль өзінің деңгейінде, көрерменнің көңілінен шықты деп ойлаймыз. Бүгін театрымызға арнайы келіп, ұжымға қолдау көрсеткен облыс әкіміне, қалың көрермендерімізге алғысымызды білдіреміз. Бәріңізді алдағы уақытта да мәдени шараларымызға қатысып, бірге болуға шақырамыз», – дейді театр актері Қабдол-Мәжит Иманов.

Биыл театр ұжымы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай біраз ауданға гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отыр.

Нұрқанат Құлабай

Суретке Бердіболат Көркембаев түсірді

 

Жаңалықтармен бөлісу