Министр мансап орталығының жұмысын сынға алды

Министр мансап орталығының жұмысын сынға алды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өңірде болған екінші күнінде Қостанайдағы бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты.

Министр қалалық мансап орталығы мамандарының жұмысын сынға алса, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға медициналық жабдықтар өндіретін және оңалтудың техникалық құралдарын жеткізетін «ФортунаМед» ЖШС-нің жұмысына оң баға берді.

Қостанай қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары бөлімінің жұмысымен танысудан бастады. Бүгінде мұнда су тасқынынан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.

“Әзірге зардап шеккен Қостанай қаласына қарасты 158 тұрғын үй иелеріне мемлекет тарапынан толығымен 100 АЕК өтемақы берілді. Бұдан өзге су басқан 1179 саяжай үйлері бар. Бастапқыдағыдай емес, адамдар қалыпты өмірге көшіп, құжаттарын ұсынып жатыр”, – дейді Қостанай қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова.

Ал, құрылған комиссия құрамы зардап шеккен үй-жайға барып, бүлінген мүліктердің есебін алуда.

Светлана Жақыпова Қостанай қалалық мансап орталығының жұмысымен танысуды ұйғарды. Кірген бетте қызметкерлердің қаншалықты білікті екенін тексермек болған министр өзін жұмыс іздеп жүрген «жұмыссыз» ретінде таныстырды.

«Ешқандай біліктілігім жоқ, табысым жоқ, жұмыс іздеп, сіздердің қызметтеріңізге жүгініп келдім», – деді орталарында кәсіби маман деп таныстырған Жанат Дәуренбековаға.

– Қандай жұмыс іздеп жүрсіз? Мына анкетаны толтырыңыз», – деп бір жапырақ қағазды ұсынды.

Маманның қызметіне көңілі толмаған Еңбекмин басшысы шыдамай:

«Неге оқу курстарын ұсынбайсыз? Онлайн. Мен сізден өзім сұрап тұрмын. Алдыңызға ештеңеден хабары жоқ жас маман келді делік. Сіз оған жол сілтеп, жан-жақты кеңес беруіңіз керек. Шеберлік сыныптары туралы айту керек. Жұмыс іздеп келген адамның білімі жоқ, ертең қайда барарын өзі де білмейді. Ұсынған анкетаның түрі мұндай болмауы керек. Мүмкін ол сурет салудың шебері шығар, мықты ұйымдастырушылық қабілеті бар шығар. Әр қызметкер психолог сияқты болуы керек. Ештеңе айта алмаған соң, теріс айналып кетіп қалмасын. Өзім туралы тағы білейінші деп ертең де келіп тұратын болсын! Түсінесіздер ме? Еңбек.кз порталында курстың 450 түрі тұр. Оның үш жүзден артығы тегін. Курсты екі ай тегін оқиды, қолына сертификат алады. Жұмысқа тұрғанда осы сертификатты жұмыс берушіге тікелей көрсетуі керек. Қызметкерлеріңізді жұмыс істеуге үйретіңіз. Керек болса, адамдармен жұмыс істеуді үйрену үшін коучер алыңыздар, ескі ғимаратта отырсыздар ма, ол маңызды емес. Мына жерге ақпараттары бар экранды жарқыратып қойсаңыздар, қандай тамаша. Қызметкерлердің көзінде оты жанып тұру керек. Кейс-менеджмент болуы керек. Басқа да қызмет түрлерін ұсыну керек. Бұл орталық қоғамға қажетті орталыққа айналуы керек. Көмек сұрап келген жанды қолынан жетектеп жүріп, жұмысқа тұрып кететін орталыққа айналу керек. Мұнда оның бірі де жоқ, ананы толтырыңыз, бізде мында маман қажет деп қарап отыруға болмайды. Мамандарды кәсібилендіру қажет», – деп басынан бастап түсіндіріп өтті.

Білдей министрдің сыны сала жауаптыларына сабақ болса игі.

Светлана Жақыпованың баса назар аударғаны – көші-қон мәселесі. Ол оңтүстіктен қоныс аударушылар мен қандастардың басым бөлігі Рудныйға шоғырлануы тиісті ведомствоның әлі де жүйелі жұмыс істеп отырмағанын ескертті.

Сондай-ақ, министр өндірістік қуаты 89 мың дана болатын «ФортунаМед» ЖШС зауытында болып, медициналық жабдықтар мен оңалту техникалық құрал өнімдерін көрді. Кәсіпорында орташа айлық жалақысы 300 мың теңгені құрайтын 55 адам жұмыс істейді. Зауыт кресло-арбалар, медициналық кереуеттер, гинекологиялық креслолар, рециркуляторлар, кушеткілер, арбалар, тросттар, балдақтар және басқа да медициналық бұйымдар шығарады. Соңғы уақытта кресло-арбаның замауани түрін шығаруды қолға алған. Министр «ФортунаМед» серіктестігінің басшылығына алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге арналған ыңғайлы бөлме жабдықтарын жасауды ұсынды.

Жұмыс сапарының соңында Светлана Жақыпова Қостанайдағы аутизмі және басқа да ментальдық бұзылыстары бар балаларға арналған орталықтың жұмысымен танысты. Мекеменің материалдық-техникалық базасы жеке қажеттіліктерді ескере отырып, барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Орталықта сенсорлық интеграция залы, психологиялық жәрдем, интерактивті/проективті, АВА-терапия кабинеттері, жұмсақ бөлме, керамика шеберханасы, арт-терапия кабинеті, музыкалық кабинет, ағаш ұстасы мен тігін шеберханалары, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау және роботтық техника, сондай-ақ ЛЕГО-конструкциялау кабинеті бар. Мұның бәрін аралап көрді. Психолог, дефектолог, ағаш ұстасы мамандарымен тілдесті. Тіпті, кейбір ерекше балалармен қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанына куә болды.

 

 

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу