Қостанайдың “Тобылы” футболдан Конференция Лигасының плей-офф кезеңін Чехияның “Виктория” Пльзень командасымен өткізеді. Ертеңгі Қостанайдағы ойынның алдында команда бас бапкері журналистердің сауалдарына жауап берді.
“Чехиялық ұжым жоғары деңгейде футбол ойнап жүрген өте тәжірибелі команда. Дер кезінде қалай алаңда жұмыс істеуді біледі. “Интер”, “Барселона” ұжымдарымен иық тірескенін ана жылдары көрдік. Біз де барынша ойнауға тырысамыз. Жақсы ойын күтеміз. Командамен әлі де жұмыс істеу керек. Максималды түрде дайындық қажет”, – деп ертеңгі ойын жүйесіне тоқталған бапкер бүгінгі құрамдағы команданың кемшіліктері бар екенін ескертті.
“Команда құрамында жеткіліксіз дүниелер бар. Чесноков пен Мркаич жарақат алып қалды. Ойынға бұл футболшылардың қашан қосылатынын физикалық дайындықтарына қарап білетін боламыз. Психологиялық жағынан да дайын болулары керек. Ойыншыларға ауа райы да кедергі келтіреді. Ертең осылай жаңбырлы болса, қысқа пастармен ойнауға тура келеді. Онда барлық ойын жоспары өзгереді. Қандай жағдайда да жанкүйерлер үшін ойнаймыз. Бұл –біздің алаң”,– деді Милич Чурчич.
Бүгін журналистермен жүздесуге келген жас қорғаушы Роман Асранкулов та ертеңгі ойында барын салатынын айтып жатыр.
“Қарсыласымызды зерттеуге көштік. Команда агрессивті ойын көрсетеді. Біз оларға қарсы дайындықты жоспарлаудамыз. Ұжымдасып ойын көрсетеміз. Бізге де алда бір ғана қадам қалғанын түсінеміз”, – деді Роман.
Алдағы жауапты ойынға байланысты туындап жүрген кедергілер жайында да сөз қозғалды.
“Виза мәселесі басшылыққа байланысты. Әрине, толық құраммен өнер көрсеткіміз келеді. Мәселе екі жақтың және жанкүйер қауымның ыңғайына қарай бейбіт түрде шешілуге тиіс”, – дейді бас бапкер.