Мердігер құрылысы созылған үйді наурыз айының соңына дейін аяқтауға уәде берді

Мердігер құрылысы созылған үйді наурыз айының соңына дейін аяқтауға уәде берді

Қаланың Әуежай ауданындағы №45/3 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталған. Алайда, жауапсыз мердігердің кесірінен әлі күнге дейін тұрғындар қоныстана алмай отыр. Қала әкімі Марат Жүндібаев арнайы барып, мердігер ұйым өкілдерімен кездесті.

Бұл 72 пәтерлі баспана өткен жылдың аяғында берілуі керек болған. Алайда, мердігер ұйым 2021 жылы түрлі себептермен құрылысты тоқтатқан.

Жаңадан келген ұйым осы жылдың наурыз айының соңына дейін толық аяқтаймыз деп уәде беріп отыр.

“Басты жұмыстарды толық аяқтадық. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Газ тартуға көп уақыт кетпейді. Электр сымдарын да жеделдетіп тартамыз. Күн-түн демей жұмыс істейді. Жылу келіп тұр. Жедел саты орнатылған, іске қосылады. Ұсақ-түйек жұмыстарды аяқтап, осы айдың соңына дейін тапсырамыз”, – деді ұйым өкілі.

Қала әкімі болса айдың соңына дейін құрылысты аяқтайтынына күмән келтірді. Егер аяқтап жатса, тұрғындармен құжат жұмысын бастауды тапсырды.

“Уақыт аз. Наурыз айының аяғына дейін аяқтаймыз деп өздеріңіз уәде беріп отырсыздар. Бірақ күмәнім бар. Ұсақ-түйек жұмыс қалды дегеннің өзінде, жасалатын дүние көп. Сапасына мән берулеріңіз керек. Келісілген уақытта құрылыс жұмысы біткеннің өзінде тұрғындар  наурыз айында қоныстана алмайды. Себебі, құжаттарды заңдастыруға 1-2 ай уақыт кетеді. Барлық жұмыс жоспарлы түрде жүрсе қоныстанушылар мамыр айында кіретін шығар”, – деді Марат Жүндібаев.

Кездесуге осы үйден пәтер алу үшін ақша жинап жүрген “Отбасы банктің” салымшысы Гүлшат Аязбекова да келді. Үш жыл қатарынан мердігерлердің құрғақ уәдесін естуден жалықтық дейді ол.

“Қалада пәтер жалдап тұрамыз. Ай сайын жалдау ақысын төлеу бізге тиімсіз. Уәде беріп келе жатқандарына бірнеше жылдың жүзі болды. Тұрғындар шаршады. Алғашқы жылы індет деді, оған түсіністікпен қарадық. Енді, міне, 2024 жыл басталды. Тағы да уәде беріп отыр. Бірақ жұмыс өте бәсең жүріп жатыр. Сол себепті ай соңына дейін құрылыс аяқталады дегенге сену қиын”, – дейді Гүлшат Аязбекова.

Болашақ қоныстанушы құрылыс жұмысы уәде етілген мерзімде аяқталмаса Президенттің атына хат жазатынын жеткізді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу