7 июня, 2025
Мердігерлер жыл басынан жол құрылысында жүзден астам ақау жіберген

Мердігерлер жыл басынан жол құрылысында жүзден астам ақау жіберген

Биыл облыста құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында шамамен 200 тексеру жүргізілді. Бұл туралы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының»  облыстық филиалы хабарлады.

Қазіргі уақытта өңірде 130 жол нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаңтар–мамыр айлары аралығында 270 жол-құрылыс материалдарының сынамасы алынып, зертханалық сынақтан өткізілді.

«150 сынама жергілікті жолдардан, қалғандары республикалық трассалардан алынды. Нәтижесінде 30 сынама нормативтік талаптарға сәйкес еместігі анықталды. Негізгі сәйкессіздіктер асфальтобетон жабындысынан алынған керндердің түйіршіктік құрамында, тығыздалу және су қанығу көрсеткіштерінде байқалды. Қазіргі уақытта республикалық трассаларда анықталған 20 сәйкессіздік жойылды, қалғандары бойынша жұмыстар жүргізілуде», – делінген ресми мәлімдемеде.

Сонымен қатар, мамандар мердігер ұйымдар тарапынан жіберілген 100-ден астам ақау мен бұзушылықтарды анықтады. Оның ішінде 20 ақау жойылып, қалғандары жою сатысында.

Айта кетейік, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 9 056 км құрайды. Оның         1 534 км – республикалық, 2 205 км – облыстық және 5 317 км – аудандық маңызға ие жолдар.