Құрылтай депутаттарын сайлау — ел өміріндегі маңызды саяси науқанның бірі. Бұл — әр азаматтың өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне деген көзқарасын білдіретін жауапты сәт. Сондықтан мен де азаматтық парызымды өтеп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне өз үлесімді қосу ниетімен дауыс бердім.
Мен үшін туған жердің бүгінгі тынысын көріп, оның ертеңіне сеніммен қарау — үлкен жауапкершілік. Өзіміз туып-өскен өңірге көз салсақ, соңғы жылдары атқарылып жатқан игі істердің ауқымы айқын байқалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларымен Торғай өңірінде де келелі жұмыстар қолға алынып, нақты нәтижелер көріне бастады. Ел мен елді байланыстыратын Орталық–Батыс автожолы құрылысының қолға алынуы — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жоба. Әуежайдың ашылып, әуе қатынасының жолға қойылуы да шалғайдағы елді мекендер үшін үлкен мүмкіндік. Тұрғын үйлер салынып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасып келеді.
Қостанай өңірінің де өндірістік әлеуеті артып, қанаты кеңге жайды. Соңғы жылдары автомобиль өндірісінің қарқын алуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экономиканың жандануына жол ашуда. Ауыл шаруашылығында сүт-тауар фермаларының салынып, заманауи өндірістердің бой көтеруі — ауылды дамытуға, ауыл халқының тұрақты еңбекпен қамтылуына жасалған нақты қадам.
Мұндай өзгерістердің барлығы — бір ғана тараптың жұмысы емес, мемлекет пен қоғамның өзара түсіністігі мен бірлескен еңбегінің нәтижесі деп ойлаймын. Елдің дамуы билік пен халықтың ортақ мақсатқа жұмылған тұсында ғана баянды болмақ.
Сондықтан Құрылтай депутаттарын таңдауда да осы жауапкершілікті басшылыққа алдым. Елдің мұң-мұқтажын терең түсінетін, халықтың сөзін билікке жеткізе алатын, жаңашыл ойлайтын, елге пайдасын тигізуді шынайы мақсат ететін азаматтардың қатары артса екен деймін.
Халық қалаулысы — халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болуы керек. Билікке ақыл қосып, елге қолдау көрсетіп, қоғамның көкейіндегі мәселені дөп басып айта білетін азаматтар елдің дамуына үлкен үлес қоса алады.
Менің дауыс беруімнің мәні де осында. Бұл — белгілі бір азаматты таңдаудан бұрын, елдің ертеңіне деген сенімімді білдіру. Туған жердің өсіп-өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының артуына, жастардың өз өңірінде еңбек етіп, болашағын құруына жағдай жасала берсе деген тілек.
Ел болашағы — бәрімізге ортақ. Ал сол болашақты қалыптастыруға әр азаматтың өз таңдауы, өз үні, өз жауапкершілігі бар. Сондықтан мен өз азаматтық таңдауымды жасадым. Елімнің ертеңі жарқын, туған жерімнің болашағы баянды болсын деген сеніммен дауыс бердім.
Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ
«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы
