“Менің әлемім”: байқау жүлдегерлері анықталды

“Менің әлемім”: байқау жүлдегерлері анықталды

 “Қостанай таңы” газетінің 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізген “Менің әлемім” байқауы мәресіне жетті.   

Байқауға бейнелеу өнеріне бейім 12 жасқа дейінгі жиырмаға тарта жеткіншек қатысуға мүмкіндік алды. Қазылар алқасы жұмыстарды саралап, жеңімпаздарды анықтады.Нәтижесінде Жанкелдин ауданынан қатысқан Ш.Уәлиханов атындағы Торғай орта мектебінің 2-сынып оқушысы Зейнеп Сәбитбек 1-орынды иеленді. Ол байқауға жолдаған суретінде алуан гүлдерді бейнелеген.Зейнептің әпкесі: “Сіңілімнің алғашы орын алғанына қуаныштымын. Өзім дизайнер мамандығын оқып жүрмін. Сіңілімнен болашақта талантты суретші шығарына отбасымызбен сенеміз және қолдау білдіреміз”, – деген лебізін білдірді.

Ал, 2-орын иегері рудныйлық Дарья Еременко. Бүлдіршін 3-сыныпта оқиды. Ол отбасы тақырыбында сурет салған. «Отбасым — менің қорғаным, отбасымыз бақытты және көңілді. Суретім түрлі-түсті, кемпірқосақ сияқты, өміріміз де осылайша жарқын болсын!» – деп суретіне сипаттама жазыпты. Дарьяның анасы байқауға ойда жоқта қатысқанын айтады.

            – Байқау шартымен танысып, балам сурет салып жүрген соң қатысамыз деп шештік. Алайда жүлделі орынға ілігеміз деп ойламадық. Біз үшін қызымыздың жеңісі үлкен қуаныш, – деді ол.

Табиғатты бейнелеген Аружан Базарбай үшінші орынға ілікті. Сарысу негізгі орта мектептің 3-сынып оқушысы байқауға “Табиғат” тақырыбында салған суретін ұсынған.

Байқаудың сарапшысы белгілі суретші, мүсінші Мұхаметқали Рахалиев қатысқан өзге де бүлдіршіндердің  туындыларын жақсы бағалады.

            – Балалар арасында танымдық осы сынды байқаулар өткізу жақсы үрдіс. Өскелең ұрпақтың сурет арқылы өмірге деген көзқарасын байқадық. Бір жағынан ой-өрісінің дамуына да септігі мол. Балалардың көбі табиғаттың әсемдігін, өз отбасын бейнелеген. Үздік деп танылған Зейнептің суреті анық, тіршілік сезіледі. Бірден көзге түсті, – дейді Мұхаметқали Рахалиев.

Сондай-ақ, қазылар тарапынан жақсы бағаланып “Үкілі үміт” аталымына 3 қатысушы таңдалып алынды. Олар – Ернұр Тоқтасын, Аружан Қарымсақ, Ақтоты Ниязбек.Жеткіншектерге демеушілер ұсынған жұмсақ ойыншықтар табысталып, “Қостанай таңы” газетінің бас редактор-директорының дипломымен марапатталды.

Мәдина Мейірім

Суреттерді түсірген Бейбіт Нұрмахан

Жаңалықтармен бөлісу